Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Ордабасы ауданында жаңа спорт кешені ашылды. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда орналасқан нысанда аудан тұрғындары кез-келген уақытта емін-еркін шыныға алады. Кіші футбол алаңшасының бой тіктеуі, әсіресе, аудан ақсақалдарына қуаныш сыйлап отыр. Ордабасылық өрендердің спорттың барлық түрінен асықтары алшысынан түсіп келеді. Оған аудандағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің де септігі мол. Бұқаралық спортты дамытып, ел арасында салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған шаралар да жиі ұйымдастырылады.Бүгінгі таңда Ордабасы ауданында балалар мен жасөспірімдерге арналған 2 спорт мектебі бар. Онда жас өрендер спорттың 10 түрінен жаттығады. 58 бапкер 2000-ға жуық оқушыны оң жолға бастап, спорттың қыр сырына баулуда. 105 спорттық топта 303 спортшы деңгейлік санатын қорғаған. Бір жасөспірім спорт шебері атанған. Салтанатты жиын аясында ардагерлер арасында дойбы, арқан тартыс, кір тасын көтеру сайыстары ұйымдастырылды. Ал, ауыл округтерінен келген құрама топтар футбол алаңында өзара тартысқа түсіп, теңбіл доп мықтысын анықтады.
ПЕРИЗАТ Биназарқызы