«Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз». Осындай ұранмен Арыста кіші футбол турнирі болып өтті. Онда Пробация бөлімінде тіркеуде тұрғандар жарысып, бой сергітті. Спорттық дода тартысты өрбіді. Жастар 3 командаға бөлініп, қомақты жүлде үшін сайысқа түсті. Игі шараға ұйытқы болған — Арыс қалалық пробация бөлімі. Осы жарыс арқылы бастамашы топ өмірден сабақ алғандарға әрмен қарай дұрыс жол сілтеді. Салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. ЖАННА АЙТМУРЗАЕВА – АРЫС ҚАЛАЛЫҚ ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ ӘДІЛЕТ МАЙОРЫ: «Кіші футболдан жарыс ұйымдастырып отырмыз. Бұл жарыс пробация бөлімінде есепте тұрған азаматтар үшін ұйымдастырылды. Мақсатымыз — сотталып шыққандарға дұрыс бағыт көрсету. Бүгінгі өткен жарыс оларға дұрыс тәрбие беріп, әсер ететініне сенімдіміз». Турнир нәтижесі бойынша белсенді ойын көрсеткендер «Үздік қақпашы», «үздік шабуылшы» және «үздік қорғаушы» номинацияларымен марапатталды. «Ақ жол» командасы көп ішінен дара шығып, бірінші орынды иеленді. Ал, «Спорт» және «Қыран» топтары екінші және үшінші орынды қанағат тұтты. Ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді.
АЙЖАН Әшірхан