ОҚО орталығындағы жетекші спорт мектебі жаңа оқу жылын тың өзгеріспен бастағалы отыр. Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектеп-интернатында бұдан былай қазақ күресі мен каратэ-до спорт бөлімдері жұмыс істейді. Сидней саңлағын тәрбиелеп шығарған білім ұясы ауыл жастарын мейлінше қолдамақ. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысынан талай талантты спортшы жастарды тәрбиелеп келе жатқан Бекзат Саттарханов атындағы дарынды спорт-мектеп интернатында көптеген бала кәсіби спортпен шұғылдануда. Білікті басшы Полат Қырықбаевтың айтуынша, биыл жаңа оқу жылына 100-ге жуық оқушы қабылдану жоспарлануда. Мұнда барлығы 330 –дан астам жасөспірім спорттың 10 түрінен олимпиадалық бағытта тәлім алады. Дүниежүзі бойынша кең тараған каратэ-до мен қазақ күресі бөліміне қабылданған оңтүстікқазақстандық жастар кәсіби тұрғыда мамандардан дәріс алады. Спорттың нағыз білікті бапкерлері еңбек ететін бұл білім ордасында кілең ауыл жастары білім алады. Жастайларынан спорт өнеріне баулынатын кемелді келешек иелері арасында әлемдік жарыстарда топ жарып келе жатқандар көп. Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген каратэ-до спорты мен ұлттық төл өнеріміз саналатын қазақ күресіне жастар жағы көптеп қызығушылық танытып отыр, — дейді мамандар. Республикамызға танымал білім ордасына негізінен 7-ші сыныптан кейін, ең талантты, спортқа деген қабілеті бар балалар іріктеу бойынша қабылданады. Мамандардың қатаң сүзгісінен өткендер ғана ертең ел намысын қорғайтын саңлақтар болмақ.
АСХАТ Мырзахметов