ОҚО Отырар ауданында асылтұқымды сәйгүлік баптаудың қарышты қадамы жасалуда. Бұл жергілікті ат спорты мектебін ашуға да/ мүмкіндік бермек. Осы бағыттағы жұмыстарды ширатып, ұлттық спортты дамыту бойынша пікір алмасу үшін белгілі атбегілер мен ат спортының жанашырлары бас қосты. Халық арасында атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық спорт түрлері көп. Соның ішінде көкпар, қыз қуу, теңге алу, бәйге, жамбы ату секілді ептілікті қажет ететін ойындар әлі де құнды. Ұлттық спорт тұғырдан таймай тұрғанда арнайы мектеп ашудың маңыздылығын облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық ат спорты федерациясының президенті Нұрмахан Жолдасов айтты.
Жиында Ұлттық ат спорты федерациясының жергілікті жердегі жаңа құрамы бекітіліп, президенті сайланды. Аудандық ат спорты мектебін ашу мәселелері ойластырылып, оған қаржы қарастыру жағы да талқыланды. Аудан басшысы Ерлан Айтаханов бұл іске белсене кірісетінін айтты.
Басқасу барысында ауыздықпен алысқан, асау желмен жарысқан асыл тұқымды сәйгүліктерді баптау мәселесі атбегілер мен бапкерлерге жүктелді. Ат спорты мектебінің сәнін келтіретін сәйгүліктер екені ескеріліп, оларды күтіп баптауға ерекше көңіл аудару қажеттілігі айтылды. Жиын соңында қатысушылар сымдай тартылған сымбатты сәйгүліктерді көріп, бабын байқады.
СЕНБЕК Құттыбайұлы