
Конституция күніне арналған шаралар спорттық жарыстармен де шебер шендесуде. Түстіктің күштік құрылым қызметкерлері Ата Заңымыздың 22 жылдық мерейтойында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың арнайы кубогін сарапқа салды. Шенділердің өзара спорттық дайындығын сынағандар волейбол, шағын футбол ойнап, жарысты. «Қажымұқан» атындағы орталық стадионында өткен додаға Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі істер органдары, арнайы ұйымдар және күштік құрылымдардан құралған 24 команда қатысты. Турнирді салтанатты түрде Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Жанат Сүлейменов ашып, қатысушыларды Конституция күнімен құтықтады. Команда мүшелеріне сәттілік пен спортта жеңіс тіледі. Екі күндік спорттық жарыс нәтижесі бойынша волейболдан бірінші орынды Ұлттық қауіпсіздік комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің командасы иемденді. Екінші орын тұғырына облыстық ішкі істер департаментінің командасы көтерілсе, үздік үштікті Облыстық Сот намысын қорғаушылар түйіндеді. Ал, шағын футболдан жергілікті полицейлер үздік шықты. Екінші орынды Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің өңіріміздегі өкілдері алды. Үшінші орын төтеншеліктердің еншісінде. Турнир соңында барлық жеңімпазға және әр түрлі спорттық номинация иелеріне Облыс әкімінің арнайы кубогі мен алғыс хаты, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
НҰРСҰЛТАН Әбдірашит