«Шардара – туристік аудан». Расында Оңтүстік Қазақстан облысындағы шалғай аудан бүгінде жақсы дамып келеді. Жуырда «Алтын балық» демалыс аймағында прокурорлар облыстық спорттық жарыс ұйымдастырды. Аталған шара оңтүстікқазақстандықтарды спортпен айналысуға шақыру, жағажай туризмін дамыту мақсатын көздеп отыр. Жағалаудағы суқорығы спорттық алаңға айналды. Волейбол, футбол, арқан тарту, армрестлинг, штанга көтеру… Мұнда аталған спорт түрінен өзінің мықтылығын көрсеткісі келгендердің көптеп жиналды. Шараның салтанатты ашылуында спортшыларды аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев пен Шардара қаласының прокуроры Өнер Әбдіхалықов құттықтап, қатысушыларды үнемі спортпен айналысып, жағажай спортын дамытуға шақырды. Бұқаралық спорт түрлерін дамытуға шардаралықтар осылайша үлес қосуда. Ұйымдастырушылар бұқаралық спортты дамыта отырып ауданның туристік тартымдылығын арттыруға үлес қосамыз дейді. Күшті қарсыластар спорттық ойынды қыздыра түсті. Жанкүйерлер де өз командаларына барынша қолдау білдіріп бақты. Сайыс қорытындысы бойынша жағажай воллейболы бойынша бас жүлде Мақтарал ауданының командасына бұйырды. Шардаралықтар екінші орынды қанағат тұтты. Ал Жетісайлықтар үшінші орынға ие болды. Ал арқан тартыстан Шардара ауданындағы М.Әуезов атындағы мектептің ұжымы жеңіп алды. Жеңімпаздар мен қатысушылар алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.
АННА Шолгина