ОҚО Отырар ауданында еліміздің спорт саласына тер төккен спортшыларға құрмет көрсетілді. Арнайы шарада аудан әкімі Ерлан Айтаханов республикалық сайыстарда жоғары көрсеткішке жеткен спортшыларды құттықтап, алдағы әлемдік додаларда топ жаруын тіледі. Отырар ауданының тұрғындары жерлестері Қажымұқан Мұңайтпасовты мақтан тұтатыны белгілі. Бүгінде ауыл балаларды атақты аталарының ізін қуып, ерлігін қайталауды армандайды. Жуырда ғана Перизат Жақыпбекова күрес бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алды.Ал Сабыржан Абілдаұлы әскерилер арасындағы республикалық сайыста чемпион атағын иеленді. Ерсұлтан Жорабек 90 келі салмақ дәрежесі бойынша күрестен жоғары жетістікке жетті. Ерсұлтан Жорабек, Қазақша күрестен ҚР чемпионы: «Мен өз жаттықтырушыларыма алғыс айтамын. Бізге көрсетілген құрмет пен қошеметке ризамын» деді. Тоғызқұмалақтан өткен республикалық сайыста жерлестеріміз Гүлназ Байболат пен Аружан Салман жеңіске жетіп, спорт шебері атағын қорғады. ГҮЛНАЗ БАЙБОЛАТ – Тоғызқұмалақтан ҚР чемпионатының жеңімпазы: «Халықаралық додадаларда сайысқа түсуіме көп еңбек сіңірген жаттықтырушыма алғыс айтамын. Соның арқасында осындай жетістікке жетіп отырмын». Бұдан бөлек мәдениет саласының шамын жағып жүрген өнерпаз жастар да назардын тыс қалмады. Облыстық «Алтын дауыс» байқауының жеңімпазы Аян Төлеген де бұл жолы құрмет пен қошеметке ие болды. Олардың барлығы да биік қошеметке лайықтылар. Облысымыздың ғана емес еліміздің де атағын аспандатып жүргендер расында марапатқа лайықты. Әрине болашақ жастардың қолында болғандықтан бүгінде Отырар ауданында жастарды қолдауға арналған көптеген игі шаралар жүзеге асырылуда.
ГУЛЬНАРА Шагдарова