Германияның Гамбург қаласында өткен Әлем чемпионатынан табысты оралған спортшыларды ауыл-аймағы құрметке бөлеуде. ОҚО дағы Қазығұрт жұртшылығы дүбірлі сынның қола жүлдегері Жомарт Ержанға арғымақ мінгізіп, бапкерлеріне қаржылай қолдау көрсетті. Еске салсақ, дүбірлі сайыста түстіктің 2 оғланы озат шығып, бірі алтын, тағы бірі қола еншілеген болатын. Әлем чемпионатының қола жүлдегері. Шарапхана дейтін аядай ауылдан бұрын-соңды мұндай спорттың биігін бағындырған саңлақ шықпаған. Сол үшін де, Қазығұрт аудан басшылығы Жомарт Ержанды жеке қабылдап, қаржылай қолдау көрсетті. Биліктен кейін ауыл азаматтары да жеңіс тұғырынан көрінген ұлдарын ардақтап, атқа мінгізді. Жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Ұлттық құрама Гамбургте өтетін әлем біріншілігіне 9 салмақ бойынша лицензия ұтып алған болатын. Алайда, соңғы сәтте 49 келі салмақтағы индонезиялық спортшы чемпионатқа қатысудан бас тартып, лицензия жерлесіміз Жомарт Ержанға бұйырды. Спортшы өзіне берілген тағдырдың сыйын сәтті пайдаланды. Тіпті, ширек финалда Еуропа чемпионы ресейлік Василий Егоровтың өзін жеңіп, жоғары кәсіби шеберлігін байқатты. Жартылай финалда болашақ әлем чемпионы кубалық Хоанис Архилагосқа жол беріп, қола медальді місе тұтты. Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов «Олимпиададан кейін бокс құрамасы 70 пайыз жаңарды. Токиоға кілең шыңдалған жігіттерден жасақталған құраммен барамыз. Онда бір емес, екі-үш алтын медаль аламыз» -дейді. Ауылда туып, әлемді бағындырған саңлақтардың жеңісі — ертеңінен үміт күттіретін жас спортшыларға үлгі.
ГҮЛЖАУҺАР Ахметқызы