Мемлекеттік органдардың имиджін көтеру, оңтүстіктің басты брендтерін насихаттау. «Медиакратия» қоғамдық бірлестігі ОҚО Түркістан, Кентау, Шымкент қалаларында осы тақырыптарды көтеріп, бірқатар семинар-форум өткізді. Оған елімізге танымал журналистер мен блогерлер, қоғам белсенділері қатысты. «Медиакратия» — кәсіби журналистердің басы біріккен қағамдық бірлестік. Билік пен бұқара арасында алтын көпір болуды көздеген ұйым еліміздің рухани ордасы – Түркістанда жергілікті журналистика факультетінің жастарымен кездесті. Соңғы жылдары журналистиканың сипаты өзгеріп, интернеттің кең қолданысқа енуімен бірге туындаған түйткілдерді ортаға салды. Мамандар мемлекеттік қызмет мәртебесін көтеруде әлеуметтік желінің маңызын екшеп, ресми сайттардың басым бөлігінде мәліметтердің жиі жаңартылмайтынын сынға алды. Әйтпесе, ол деректер аудан, қалалардың тыныс-тіршілігін хабардар етіп, халықтың қажеттілігін өтейтін ашық алаң еді. Айбек Шілманов — ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары «Осындай мониторингті бақылауды мемлекеттік органдардың өздері емес, журналистер, қоғамдық ұйымдар жүргізгені дұрыс деп есептеймін». Семинар Облыстық ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырмасымен ұйымдастырылды. Онда ресми ақпаратты жариялаудың тәсілдері ғана емес, мемлекеттік сайттардың тартымдылығын арттырып, қолданушылар санын көбейтудің жолдары да талқыланды.Қазіргі таңда әлемнің барлық мемлекеті елдік брендті қалыптастыруға айрықша мән беріп отыр. Өйткені, ол елдің танымалдығын арттырады. Бұл үрдіс — жекелеген өңірлер мен қалаларға да тән құбылыс болуы тиіс. Оңтүстіктің басты брендтерін насихаттауға арналған форумның маңыздылығы терең. Оңтүстіктің даңқын шығарған төл брендтері аз емес. Әйткенмен, оларды заманауи технологияларды қолдана отырып, насихаттай білу — тиімді. Өңірдің оң имиджін қалыптастыру туристерді ғана емес, инвестицияны да молынан тартуға жол ашады. Оңтүстік брендін қолдау, өңір абыройын асыру – әр азамат үшін жауапты іс. Республикалық бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, депутаттар мен қоғам белсенділері алқалы жиында осыны терең екшеді.
ГҮЛСАНАТ Қалмырзақызы