Дүниежүзілік банктің Қазақстанда жастар корпусын дамытуға арналған «Жас проект» жобасы аясында мақтаралдық жастар 6 миллион теңгенің грантын ұтып алды. ОҚО Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбековтың қатысуымен грантты ұтып алған жастар арасында жиын өтті.
Грантты жеңіп алған жастар аудан көлемінде еркін күрестен спорттық сексия, жылжымалы кинотеатр, футбол үйірмесі, қолөнер шеберлерінің мектебі, компьютерлік сауаттылық курстары сияқты жобаларды жүзеге асырып, 6 ай бойы аудан жастарына өнер-білім үйретеді және барлығы да тегін. Жалпы, жиынға қатысушылар қаржыны мақсатты жұмсап, ауданның жастарын жобаға көбірек тарту керектігін айтты.
Жастар мен жасөпірімдерге салауатты өмір салтын насихаттау, бос уақыттарын тиімді пайдалануды, зиянды әдеттерден өзін аулақ ұстауды ұғындыра отырып оларды отансүйгіштікке тәрбилеу — «Еркін күрестен спорттық секция» жобасының еншісінде. Мақтарал ауданындағы Қарақай, Жаңа ауыл, Достық ауылдық округтерінің жастары жобаға қатыса алады. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихаттауға арналған тағы бір жоба — футбол үйірмесі. Спорттың футбол түріне қызығатын жастар мен жасөспірімдерді үйірмеге тарта отырып, футболдың қыр-сырын үйрету, түрлі футбол турнирлерін ұйымдастыру — үйірменің негізгі мақсаты.
Патриоттық тақырыптағы кинолар, әсіресе Елбасымыз бен қазақтың ұлы тұлғалары туралы көркем фильмдерді аудан жастарына көрсете отырып олардың бойына тұлғалық қасиеттерді сіңдіру, ұлылардың жетістікке жету жолын көрсететін «Жылжымалы кинотеатр» жобасы жүзеге асырылады. Кинотеатр 1 қала, 3 кент, 24 ауылдық округтің барлығын қамтиды.
Ауданның жас қыз-келіншектеріне бисерлер тігу, қазақтың ою-өрнектерімен нақыштап киімдер тігу, сәукеле, диадема тігуді, қыздың жасаулары, шоу-бизнес саласына арналған қолөнер өнімдерін жасауды үйрету т.б. тігу жұмыстарын үйретіп, олардың осы салада кәсіп ашуына көмек беру үшін «Қолөнер шеберлерінің мектебі» жобасы жұмыс жасайды. Сонымен қатар, жастардың заман талабына сай соңғы технологиялар мен бағдарламаларды үйрету арқылы бәсекеге қабілеттілігін арттып, жұмыссыз жастарға озық технологияларды меңгертіп, жеке кәсіп ашуға болатындығын ұғындыру үшін тегін компьютерлік сауаттылық, мобильді бағдарламалар мен сайттар жасау, фото және бейнестудио курстары ұйымдастырылады.
Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі