ОҚО Бәйдібек ауданындағы Боралдай ауылының тұрғындары жуырда спорттық ойындар ұйымдастырды. Рысқұловтар әулеті ас беріп, ұлттық спорт түрлерінен аймақтық іс-шаралардың өтуіне мұрындық болды.
Ұйымшылдықпен, жанашырлықпен өткен жарыстарға ауыл тұрғындары барынша атсалысып, жүлделерге ие болып жатты.
Қызықты, тартысты сайыстың нәтижесінде күрестен Елтай Нұрдәулет түйе палуан атанып, марапатқа 1 қойды иеленді. Дәл осылай әр түрлі салмақтардан да жеңімпаздар анықталып, бағалы сыйлықтарға қол жеткізді. Спорттық сайыстардың ең қызықты тұсы, әйелдер арасындағы қол күрес сайысы еді. Барын салып, күш сынасқан нәзік жандылардан жүлдегер болып Әлия Жұбанышқызы танылды. Бұл жеңімпаз да 1 қойды қанжығаға байлап, көпшілікке көтеріңкі көңіл сыйлады.
Сонымен бірге, Шаян елді мекенінен келген Сіргебай Ерназар қой көтеру жарысында ең көп көрсеткіш көрсетіп, 80 рет көтерген қойын арқалап қайтты.
Ауыл тұрғындары бұдан кейін де спорттық ойындар ұйымдастырып тұратындықтарын, осы арқылы ұлттық мерекелерімізді жастарға дәріптеп отырамыз деп тарқасты. Ауыл имамы Б.Жүзімбаев ауылдың қоғамдық ұйымдардың басшылары, ауыл жастарымен және жеке кәсіпкерлермен жиі бас қосып, ауылдағы аткарылатын істердің бірлесу, ұйымдасу арқылы шешілетінін жеткізді.
Д.МЕДЕУОВА.