Елдің елдігін танытып, абыройын асқақтататын саланың бірі – спорт екендігі даусыз. Күллі әлемге әнұранымызды шырқатып, көк байрағымызды көкте желбіретіп, өр рухымызды тулатып, жігерімізге жігер қосып жүрген спорт саласының өкілдеріне қандай құрмет көрсетсек те жарасымды.
Елбасымыздың Жарлығына сәйкес тамыз айының үшінші жексенбісі – дене шынықтыру саласы мамандарының кәсіби мерекесі – спорт күні болып белгіленген.
ОҚО Отырар ауданында дене шынықтыру және спорт саласының ардагерлері, жаттықтырушылар мен жас спортшыларға кәсіби мерекелеріне орай құрмет көрсетіліп, айтулы шараға аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысты.
Мерекелік шарада спорт саласының өкілдерін шын жүректен құттықтаған аудан басшысы: «Президентіміз Н.Ә.Назарбаев: «Спорт – әр елдің даңқын шығарып, байрағын биіктететін айтулы бәсеке» деп атап өткен болатын. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың барлық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі екендігін айтқан Ұлт Көшбасшысы қазақстандықтардың 30 пайызын бұқаралық спортқа тартудың маңыздылығына ерекше тоқталған.
Отырар ауданында да спорт саласын дамыту мақсатында біршама мақсатты жоспарлар алға қойылып, жүзеге асырылуда. Солардың бірі – жаңадан ашылған №3 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі. Сондай-ақ, ұмыт бола бастаған ұлттық ойындарымыз да қайта жандануда». Спорт пен дене тәрбиесі тек денені ғана шынықтырып қоймай, рухты да шыңдайтындығын айтқан аудан әкімі спорт саласының ардагерлері мен үздік жаттықтырушыларды арнайы Алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар, аудан спортының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан, спорт саласының Құрметті зейнеткерлері Жонар Қаныбекке «ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығы» мерекелік медалін, Тұрлыбек Пәрменқұловқа «Қазақстан патриоты» медалін табыстады.
Өз кезегінде сөз алған даңқты ардагер балуандар Ж.Қаныбек пен Т.Тұрабаевтар спортшыларды төл мерекелерімен құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп, саланың дамуына оң көзқарас танытқан аудан әкімі Ерлан Айтахановқа аудан спортшылары атынан алғыс сезімдерін білдірді.
Кәсіби мереке соңы ауданымыздағы мекемелер мен кәсіпорындар арасындағы кіші футболдан ашық біріншілікпен өз жалғасын тапты.
Связанные истории
30.09.2017
42066