Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында облыстық спартакияда болып өтті. Оған облыстағы барлық аудан, қалалардан жалпы саны 15 команда қатысып, осы сынға Еркінбай Шалтан, Әлиасқар Бақытжанұлы, Нәлжігіт Сәтберген, Нұрлан Өтегенов бастаған түркістандық 8 спортшы қатысып, қасиетті өңірдің мерейін асқақтатып қайтты. Бұл жөнінде Түркістан қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ.Айдарбеков тамыз айының 24-26 күндері аралығында өткен жарысқа бөлім тарапынан қаламыздағы «Шапағат» қайырымдылық қорымен бірлесе отырып, арнайы команда жасақтап қатыстырғанын айтты.
Қоларбамен түрлі қашықтыққа жарысу, диск лақтыру, зілтемір көтеру, стөл теннисі, жүзу, шахмат түрлері бойынша сынға түскен команда жалпы есепте облыс бойынша бірінші орынға тұрақтаған. Тарқатып айтсақ, түркістандықтар спорттың әр түрінен сегіз І-орын, алты ІІ-орын жалпы саны 20-ға тарта жүлделі орындарды иеленіп, облыс біріншілігінен жеңімпаз, жүлдегер атанып оралып отыр. Соның ішінде жеңіс туын биік ұстаған спортшылар арасынан «Шапағат» қайырымдылық қорының басшысы Е. Шалтанмен тілдескенімізде ол: «Біз Түркістан қаласынан облыстық мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спартакиядаға 8 адам қатыстық. Арамызда спортпен тұрақты шұғылданбайтын қатысушыларымыз да бар. Солай бола тұра жерлестеріміз намысты қолдан бермей жеңіс тұғырынан көрінді. Нәтижесінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан кейбір спортшыларымызға қолқа салып, халықаралық, әлемдік жарыстарға қатысуға шақырды. Енді алдағы уақытта жақсы қарқынмен әлі талай биіктерді бағындырамыз деп сенемін. Жалпы айтайын дегенім, осы жарысқа қатысуымызға қолдау көрсеткен қала әкімдігіне және спорт бөліміне командаластарымның атынан алғыс білдіргім келеді», — деп ұсынысы мен жүрек жарды алғыс лебізін білдірген Е.Шалтан алда әлі талай жеңістердің боларына сенімді.
Связанные истории
30.09.2017
42066