Өсер елдің баласы бірін-бірі «батыр» дейді. Оңтүстік Қазақстан облыстық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінде Германияда өткен Әлем чемпионатының жеңімпаздарына ерекше сый-құрмет көрсетілді. Германияда бокстан өткен әлем чемпионатында Қазақстан спортшылары айтарлықтай табысқа қол жеткізгені белгілі. Жеңімпаздар мен олардың бапкерлерін құрметтеу шарасы Облыстық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінде болып өтті. Кездесу барысында спортшылар өз жоспарларымен бөлісіп, алдағы жарыстарға дайындығы туралы айтып берді. Кездесу барысында Облыстық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Балғабай Елшиев әлем чемпионы Қайрат Ералиев пен қола жүлдегер Жомарт Ержан, сондай-ақ, әлем чемпионатына қатысушы Бекдәулет Ибрагимовқа сый-сияпат жасады. Айрықша құрмет олардың бапкерлері Мырзағали Айтжанов пен Нүркен Андосовқа да көрсетілді. Айта кетейік, қазіргі таңда ұлттық құрама сапында 40 боксшы болса, соның 8-і — оңтүстікқазақстандық былғары қолғап шеберлері. Құрама сапы қазір 70% пайыз өзгерген. Дені — жас буын өкілдері. Бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов өз сөзінде барлық үміт жалындаған жастарда екенін жеткізді. Енді, спортшыларымызды алда Азия чемпионаты күтуде. Бұл дода біздің боксшыларымыз үшін олимпиада алдындағы емтихан болмақ. Ақ жол, Алаштың шойын жұдырық, құрыш білектілері!
НҰРСҰЛТАН Әбдірашит