15-18 қыркүйек күндері аралығында волейболдан 2004-2005 жылы туылған жасөспірім қыздар арасында Оңтүстік Қазақстан облысының чемпионаты болып өтті. Чемпионатқа облыстағы аудан мен қалалардан барлық командалары қатысты. Қызықты әрі тартысты өткен дүбірлі сайыста шардаралық спортшылар да қатысып, биік межеден көріне білді.
Барлық қарсыластарынан басым түскен Шардара ауданының командасы мен Шымкент қаласындағы №4 қалалық спорт мектебінің командасы ақтық сынға жолдама алды. Нәтижесінде қыздарымыз жүлделі ІІ орынды бағындырды. Негізінде Шардара ауданында спорт саласы мықты дамыған. Оған түрлі сайыстар барысында жеңісті орындардан көрініп жүргенініен байқауға болады. Алдағы уақытта да шардаралық спортшылар жеңісті қолдан бермеуге барын салатыны анық. Бұл жолы да қыздар командасы ерледі. Өздерінің дайындықтары мықты екендігін дәлелдеді.
Жарыстың қорытындысы бойынша ІІІ орынды Атакент командасы иемденді.
Облыстағы кілең «сен тұр, мен атайын» деген күшті командалардың ішінде жеңіс тұғырына көтеріліп, ауылымызға жүлде әкелген қыздарымызды қалай мақтасақ та жарасады. Жеңісті жолдарың жалғаса берсін, шардаралық спортшылар!
«Шардараспорт-ақпарат».