Жуырда Оңтүстiк Кореяда футболдан жасөспiрiмдер арасында халықаралық жарыс өткен болатын, сол сында ОҚО футбол мектебiнiң өрендерi чемпиондыққа қол жеткізді. 2005 жылға дейiн дүниеге келген жасөспiрiмдерден жасақталған команда Азияның кiл мықтыларын тiзе бүктiрiп, финалда алаң иелерін жеңді. 24 команданың арасынан оза шапқан жас жүйрiктерiмiздi додаға Олег Сабиров пен Рахымжан Байсалов даярлады. Облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспiрiмдер футбол мектебiнiң директоры Ермек Дәрменовтiң айтуынша, бапкерлерге талап күшейiп, жаттығуларға жүйелi өзгерiстер енгiзiлген. Нәтижесiнде облысымыздың жас футболшылары жыл басынан берi тамаша жетiстiктерге қол жеткiздi. Мәселен, биыл наурыз айында Шымкентте 2005 жылға дейiнгi жасөспiрiмдер арасында футболдан ел бiрiншiлiгi өткен. Сол сында облыстық футбол мектебiнiң жасөспiрiмдерi екiншi орынға ие болды. Ал, 2004 жылға дейiнгi оқушылар арасындағы бiрiншiлiкте жерлестерiмiз жеңiмпаз атанды. Сонымен қатар, ОРДБЖМСМ–2004 командасы Қостанайда өткен ел бiрiншiлiгiнде бiрiншi орынды иемдендi. Олар финалда Шымкент қалалық №7 футбол мектебiнiң командасын жеңгенiн айта кеткен жөн. ОРДБЖМСМ–2003 командасы да футбол мектептерi арасындағы бiрiншiлiкте финалда шымкенттiк қарсыластарын жеңдi. Бiр өңiрдiң қос командасының бiрнеше рет финалда жолығуы – Оңтүстiкте футболдың қарыштап дамып келе жатқанын аңғартқандай. Оған қоса, «Оңтүстiк» футбол академиясы мен «Ордабасы», «Қыран» және «Мақтаарал» командалары iзбасарларының да аяқ алысы жаман емес. Иә, Оңтүстiкте допты түзу тебетiн жастар өте көп. Ендiгi мақсат – сол бозбалаларды үлкен футболға бейiмдеп, кәсiпқой клубтарға ойнату. Шеберлiктерiн шыңдау.
Ғабит САПАРБЕКОВ