Қол күресі спорты осы күні әлемдік деңгейде дамып жатыр. Оған, дәлеліміз барлық құрлықтарда қызығушылық қарқынды өсу үстінде. Әсіресе, Қазақстаннан бүгінгі таңда спорттың осы түрінен әлемдегі ең таңдаулы спортшылар шығуда. Спорттың осы түріне қызығушылықтың өсуі 1977 жылы Бүкіләлемдік армрестлинг федерациясы құрылғалы бері, 40 жылдың ішінде әлемнің 70-тен астам елінде дамып отырғанын білдіреді. Қазақстан ұлттық құрамасының талай дүбірлі бәсекелі сайыстарда топ жарып жүргені, Елбасымыздың мемлекетіміздегі жалпы спорт саласына деген көңіл бөлуінің арқасында. Қазақстан ұлттық құрамасының негізі саналатын «Шардара Армспорт» спортклубы 2001 жылы құрылғалы бері, талай спортшыларымыз еліміздің абыройын талай жарыстарда асқақтатқаны белгілі, осындай спортшыларымыздың бірі Әбілдә Ержан болып табылады. Ол Әлемнің үш дүркін чемпионы. Ержан Әбілдә 1994 жылы маусымның 4 күні ОҚО Шардара қаласында туылған. Жастайынан спорт секцияларының ішінен қол күресі спортын таңдап, білікті бапкерден тәлім — тәрбие алады. Ержанның алғашқы үлкен жеңісі — 2010 жылы небәрі 14 жасында, Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында топ жарып, жеңімпаз атанған болатын. Міне, содан бері Ержан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.
Азия құрлығы чемпионатына келетін болсақ, дүбірлі де дәстүрлі бұл сайыстардың Ержан бірнеше дүркін чемпион болғанын мақтанышпен айта кеткіміз келеді. Олар: 2011 жылы Өскемен қаласында өткен Азия чемпионатының жеңімпазы. 2012 жылы Иран мемлекетінде Горган қаласында өткен Азия чемпионатының чемпионы. 2015 жылы Түркия мемлекетінде Анталья қаласында өткен Азия чемпионатының чемпионы.
2016 жылы Өзбекстан Республикасы астанасы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатының чемпионы Ержан Мұхтарұлы түрлі халықаралық Гран При турнирлерінде қомақты қаржылай сыйлық тігілетін жарыстарда, өзге елдердің ең мықты спортшыларын бәсекелі күш сынаста жеңіп, Қазақ елінің атын танытып, чемпион атанды.
«ShardaraArmsport — news»