Венгрияда өткен қол күресінен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынған Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты шардаралық спортшыларға деген елдің құрметі жалғасы жатыр. Апта соңында шардаралық жеңімпаздарды Ақтөбе қаласының азаматтары шақырып, кездесу ұйымдастырды. Атап айтар болсақ, қайырымдылық шараларымен айнала жұртқа есімі белгілі жеке кәсіпкер Ербол Байжарқынов қазақтың туын көкке желбіреткен Нұрдәулет Айдархан, Талғатбек Рүстембек, Дәурен Әбсаттар, Ердәулет Сарыбай, Нұрхан Қадыр сынды спортшыларымызға көптің алдында алғыс айтып, мұнан былайғы уақытта да жеңіс тұғыранан көріне берулеріне тілектестігін білдірді. Сонымен бірге, құрыш білекті қайсар ұлдарымыздың әрқайсысына 100 мың теңгеден қаржылай сый-сияпат жасап, қуаныштарына ортақтасты.
Қазақта «жақсының аты ортақ» деген сөз бар. Шардаралық өрендердің жеңісі – оңтүстіктің ғана емес, исі қазақтың жеңісі екенін ақтөбелік кәсіпкер азамат өзінің дархан пейілімен жұртшылыққа көрсетіп отыр. Біз шардаралық жанкүйерлер атынан спортшыларымызға лайықты сый-құрмет көрсеткен Ербол Байжарқыновқа алғыс сезімімізді білдіріп, кәсібіне береке, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.
«ShardaraArmsport — news»