Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен «Облыстық жас туристер станциясының» ұйымдастыруымен «Біз туристік отбасымыз!» тақырыбында Төлеби ауданы, Ақбастау ауылы, «Алма-Тау» демалыс аймағында облыстық отбасылық туристік фестиваль ұйымдастырылып өтті.
Облысымыздың аудан, қалаларынан құралған 10 отбасылық команда фестиваль барысында «Кедергілер жолы» мен «Су қашықтығынан» спорттық сайыс, «Туристік өлкетану» аясында сұрақ-жауап, «Квест» және «Аква-грим» сынды сайыстарға өзара бақтарын сынасты.
Арыс қаласы атынан қатысқан Қарынтаевтар отбасы аталған сайыстарда топ жарып, бас жүлдені қанжығаларына байлады. Жеңімпаз Қарынтаевтар отбасы облыс әкімі Ж.Түймебаевтың арнайы дипломымен марапатталып, құнды сыйлықпен қатар Астана қаласына отбасымен бірге демалуға жолдаманы жеңіп алды. Аталмыш жарыс облыста алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Осы орайда, бүгін қала әкімі Мұрат Болатұлы жеңімпаз отбасын жеке қабылдап, өз атынан алғыс хатпен марапаттап, құрмет көрсетті.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі.