Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан ХХХІ Олимпиада ойындарында 48 келіде өнер көрсеткен қазақстандық дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг қола жүлдегер атанды. Әрине әлемдік бәсеке қай спортшыға да оңайға түсіп тұрған жоқ. Елімізден барған бар спортшы палуан қыздың жеңіске жетуіне шын тілектестік білдірген болатын. Әлемнің әр түкпірінен жиылған алыптарды шалып жығу оңай емес екені белгілі. Бірінші айналымда Отгонцэцэг Гвинея-бисаулық Тасиана Лиманы айқын басымдықпен ұтты. Галбадрах Отгонцэцэг екінші белдесуінде Ами Кондодан айласын асыра алмаған болатын. Қарсыласы мықтырақ шыққан соң, жеңіске деген жігерін жани алмады. Ол үшінші орын үшін күресте кубалық Местре Альваресті иппон әдісімен жеңіп, Қазақстан қоржынына алғашқы медальді салды. Рио Олимпиадасына жолдама алғанда-ақ бапкерлер Отгонцецег Галбадрахтың қандай болса да медаль алатынына сенім білдірген еді. Моңғолиядан Шымкентке ауысқан дзюдошы қыздың расында дайындығы мықты болды. Білекті де жүректі қыз талай байрақты бәсекеде жеңіс тұғырына көтерілген. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Өзін Шымкент қаласына шақырып, Қазақстанның азаматтығын алуға мүмкіндік берген азаматтарға ылғи да алғыс білдіретін. Оңтүстіктің бапкерлерінің үмітін ақтаймын деп уәде еткен де болатын. Міне сол уәденің үдесінен шықты. Оңтүстіктің №1 палуаны атанған ол әлемдік сынақтарда қажетті ұпайларды жинап, Олимпиадалық рейтингте 14-сатыға көтерілген болатын. Кезінде Оңтүстік Қазақстан облыстық жекпе-жек спорт мектебінің директоры Николай Ставицкий Отгонцецегтің олимпиадада жетістікке жететініне бек сенім білдірген болатын. Осы кешенде жаттығу жасаған палуанымыз жуырда ғана жас палуандармен кездескен болатын. Өз тәжірибесімен бөлісіп, жастарға талмай тер төгіп, жаттықса ғана биік жетістіктерге жететінін айтып еді. Осы кездесу барысында жекпе-жек спорт түрлері мектебінің басшысы Отгонцецегпен арнайы кездесіп, қаржылай сыйақы да табыс еткен еді. Дайындыққа көп көңіл бөлетін Галбадрахтың ептілігіне әріптестері таң қалатын. Жылдамдығына да көз ілеспейді. Облыстық жекпе-жек спорт мектебінің шәкірттері Рио Олимпиадасына үкілеп қосқан Отгонцецегтің расында орны бөлек. Өйткені, бұл палуанымыз дзюдошылар арасында Олимпиадада жүлде алатын басты үміткерлердің бірі-тін. Қытайда өткен әлемдік гран-при жарысында жерлесіміз қоладан алқа таққан еді. Бұл жарыстардың барлығы да Отгонцецегтің Олимпиадаға сәттілігіне жетелеген баспалдақтары екен. Қазақстан Республикасының дзюдо федерациясы Моңғолия Республикасының дзюдо федерациясымен өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум негізінде Отгонцецег Галбадрах Қазақстанның туы астында өнер көрсетеді деп шешілген болатын осыдан біраз уақыт бұрын . Нәтижесі міне, қазақстанның туы әлемдік додада алғаш болып желбіреді. Моңғол қызы Отгонцэцэг Галбадрах 1992 жылы дүниеге келген. Қазіргі таңда әлемдік рейтингте 1 258 ұпаймен 9-шы орынға орналасқан. Ал моңғолдардың бұл салмақтағы тағы бір балуаны Уранцэцэг Мунхбат болса, 3180 ұпаймен әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Яғни, дзюдошы қыз Моңғолия құрамасының екінші нөмірлі балуаны болған. Отгонцэцэг Галбадрах соңғы қатысқан халықаралық ірі додаларда жүлдегерлер қатарынан көрініп келді. Өткен жылы Мәскеуде өткен «Үлкен дулыға» додасында күміс медальды жеңіп алса, Астана қаласында өткен Гран-При бәсекесінде алтыннан алқа таққан болатын. Қытайда өткен Гран-При турнирінің кезекті кезеңінде қола медаль еншілеп, Рио-де-Жанейро Олимпиада ойындарына берілер жолдаманы жеңіп алған-тын. Сегіз жылдан бері облысымызға бұйырмай келген Олимпиада медалін Отгонцецег Галбадрах салды. Сондай-ақ дзюдо күресінен олимпиадалық жүлдеге қол жеткізген алғашқы отандық палуан да осы бойыжеткен. Әрине бұл бір ғана облысымыздың емес, еліміздің мерейі. Спортшыларымызға жасалып жатқан қамқорлықты олар да еселеп қайтаруда. Галбадрахтың жеңісінен кейін күреске қызығатын жастардың қатары көбейері сөзсіз.
Динар Бекасыл