Күллі әлем көз тіккен Рио Олимпиадасының алтыны да күмісі де бұйырып Қазақ елін қуантуда. Бүгін міне, ел жанкүйерлерінің үміті ақталып, ауыр атлетикадан Нижат Рахимов пен жүзуден Дмитрий Баландин алтынға қол жеткізіп абыройымызды асқақтатты. Оңтүстіктің ауыр атлетшісі Жазира Жаппарқұл күмістен алқа тағып, мерейімізді тасытты. Елдің намысы сынға түсетін ең мәртебелі бәсекедегі жетістіктеріміз қуантарлықтай. Байрақты бәсекеге үкілеп қосқан саңлақ спортшыларымыз үмітімізді ақтап жатыр. Ауыр атлетикадан Жазира Жаппарқұлға әу бастан-ақ бапкерлер үміт артқан болатын. Алтынның ауылы да алыс емес-тін. Кіл мықтылар жиылған додада күмістің өзі Қазақ елі үшін алтыннан артық болып тұр. Жазираны жарайсың деп арқадан қағатын-ақ күн. Арыстың аймаңдайлы ару қызы тұңғыш деген құрметті атаққа да ие болды, яғни, қазақ қыздарының зілтемір көтеруден әлемдік сайыста иеленіп отырған тұңғыш күмісі. 69 келіге дейінгі салмақтағы зілтемірші қыздардың бәсекесінде ел намысын қорғаған Жазира серпе көтеруде алдымен 111, кейін 115 келіні бағындырды. Алайда, үшінші мүмкіндігінде Жазираға 117 келі бағына сай келген жоқ. Ал Жазираның басты қарсыласы қытайлық атлет 116 келіні бағындырды. Алтын медаль Жазирадан екі келі артық көтерген қытайлық қыздың қоржынына түсті, қоланы мысырлық атлет иеленді. Қазақ қыздары бүгінге дейін Олимпиада тұғырына көтерілген емес. Жазира Жаппарқұл 8 жасынан бастап ауыр атлетикамен айналыса бастаған. Ең алғашқы жаттықтырушысы — Рашит Төлегенов кіп-кішкентай қыздың қайсарлығына тәнті болып, қиын да ауыр спорт түрінің қыр-сырын үйреткен. Ол жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері. Мұндай ерен жетістікке бұрын-соңды ауыр атлет қазақ қыздары қол жеткізбеген. «Қазақ осы күнді армандағалы қашан? Қуанышымда шек жоқ. Жүлдемді қазақ еліне арнаймын. Төрт жыл төккен тердің жемісін, міне, бүгін көрдім. Бұл үлкен жаттығумен келген еңбектің жемісі. Қуаныштан басым айналып тұр», — деді Жазира жедел сұхбатта. Ол күллі Қазақ елінің мәртебесін биікке көтерді. Былтыр өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов Жазира Жаппарқұл мен оның бапкері, ауыр атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері В.Нюді қабылдаған болатын. Кездесуде облыс әкімі Ж.Жаппарқұлды АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен ауыр атлетикадан ересектер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіп алған күміс жүлдесімен құттықтап, 4 миллион теңгенің қаржылай сертификатын табыстаған еді. Хьюстонда өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатына Қазақстан ұлттық құрама сапында оңтүстікқазақстандық 4 спортшы қатысып, нәтижесінде Ж.Жаппарқұл 69 келі салмақта 2-орынды жеңіп алып, Рио-де-Жанейро олимпиадасына жолдаманы қанжығасына байлаған болатын. Міне сол жүлденің аяғы құтты болып, Жазира тағы да жүлделі болды. Ол ең алғаш 58, 63 келі салмақта Қазақстан чемпионы атанды. Ал 2010 жылы 17 жасында Сингапурде өткен тұңғыш жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында қазақ қыздары арасынан тұңғыш жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Бұл оның үлкен спортқа деген алғашқы баспалдақтар болатын. Сингапурде Жазира 63 келіде өнер көрсетіп, қос сайыстың қорытындысы бойынша 205 келіні бағындырды. 2012 жылы Гватемаладағы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде чемпион атанды. Ал 2013 жылы Жаппарқұл жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. 2014 жылы Алматы қаласында өткен әлем біріншілігінде тұңғыш рет қазақ қыздары арасында ауыр атлетикадан «Әлем чемпионатының күміс жүлдегері» деген атаққа қол жеткізді.
Керек дерек
Жазира Жаппарқұл – 1993 жылы 22 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. Көпбалалы отбасының жетінші перзенті. 2001 жылдан бастап ауыр атлетикамен айналыса бастаған. 2010 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында екінші орын иегері атанған. Ауыр атлетикадан Әлемнің екі дүркін чемпионы. Бүгінгі күні Шымкент қаласының тұрғыны. М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Денешынықтыру және спорт» факультетінің студенті. Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Дәулет Бейімбет