Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, айтулы мерейтойдың құрметіне бүгінде өңірлерде түрлі іс-шаралар, спорттық бәсекелер ұйымдастырылуда. Сондай шараның бірі жуырда облыс орталығында өтті. Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогіне арналған жасөспірімдер арасындағы футболдан халықаралық турнир өтті. Доп додасына алыс та жақын шетелдерден аяқ доп шеберлері қатысты. ІХ Халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Халықаралық турнир 2008 жылы Алматы қаласында бастау алған болатын. Кейінірек 6 жыл бойы Астана қаласында өтіп келді. Қазақстан Футбол федерациясының ұсынысына орай, 9-шы мәрте жалауын көтерген турнирді Шымкент қаласында өткізу келісілді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Қазақстан Футбол федерациясының ұйымдастыруымен, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен қолға алынған спорттық іс-шараға Албания, Әзербайжан, Иран, Рессей-2, Қырғызстан, Тәжікстан, Крузейро-Қазақстан және Қазақстан футбол командалары қатысты. Тартысты бәсекеге әр команды өз жүйріктерін үкілеп қосты. Ал ойындар «Тассай» шағын ауданындағы «БИІК» спорт кешенінде өткізілді. Ойын өте тартысты өтті. Жастайынан доп теуіп шыныққан, түрлі турнирлерге қатысып, тәжірибе жинақтап шыныққан жас футболистер барын салды. Ә дегенде ала доптың қыр-сырын жетік меңгерген жасөспірімдер футбол алаңының шаңын шығарды десе де болады. Барын да, нарын да салып ойнаған футболшылар ақтық мәреге дейін жеңістен дәмелі-тін. Ақыры футболдан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогының финалында Қазақстан мен Тәжікстан құрамалары кездесті. Шымкент қаласындағы Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өткен ойын есепті Қазақстан жасөспірімдер құрамасының шабуылшысы Еркебұлан Сейдахмет ашты. Ала допты шыр көбелек айналдырған шын шебер бірінші таймның аяқталуына бес минут қалғанда мергендік танытты. Сонымен қатар, бірінші таймның ортасында Денис Красноперов тепкен доп қақпаның қақ ортасынан табылды. Алайда, төрешілер қазақстандық шабуылшының ойыннан тыс қалғанын бірден аңғарды. Екінші таймда есе қайтаруға Тәжікстан құрамасы барынша тырысты. Тәжікстан құрамасының бас бапкері Зайниддин Рахимов көздегенін мүлт жібермейтін мықты ойыншыларын бірнеше рет алмастырды. Нәтижесінде Вахдат Ханоновтың алыстан бағыттаған соққысы қақпаны дәл тапты. Алайда, ойынның тең аяқталуына келіспеген Жасұлан Қайыркенов кездесудің аяқталуына үш минут қалғанда Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп — 2:1. Халықаралық бәсекеде қазақстандық құраманың бағы мен бабы қатар шауып, Елбасының жүлдесіне ие болды. Жарыс жеңімпаздарын марапаттаған өңір басшысы Б.Атамқұлов футболшыларға алғысын білдірді. Осылайша, аптаға жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде екінші орынды Тәжікстанның аяқдопшылары алса, жүлделі үшінші орын ирандық футболшылардың қанжығасына байланды. Халықаралық турнирдің жүлде қоры 15 мың АҚШ доллары болатын. Жеңімпаз командаларды марапаттау кезінде 3-орын алған командаға 3 мың АҚШ доллары берілсе, 2-орын иегерлеріне 5 мың АҚШ доллары, ал турнир жеңімпазы – қазақстандық құрамаға 7 мың АҚШ долларының сертификаты табыс етілді. Бұдан бөлек, Елбасы Кубогін сарапқа салған бәсекеде айрықша көзге түскен ойыншылар да сый-құрметтен шет қалмады. «Үздік ойыншы» аталымын Қазақстан құрамасының капитаны Д.Кашкен алса, «Үздік шабуылшы» атағы әзербайжандық Хагани Садықовқа бұйырды. «Үздік шабуылшы» номинациясы отандық футболшы Еркебұлан Сейдахметке берілсе, «Үздік жартылай қорғаушы» аталымы Тәжікстан командасының аяқдопшысы Шахром Самиевке тиесілі болды. «Үздік қорғаушы» есімі ирандық Тоха Шариатиге бұйырып, албандық Илья Синани турнирдің «Үздік қақпашысы» атанды. Жыл сайын өткізілетін сайыс келесі жылы да жалғасын таппақ.
Динар Бекасыл