Жуырда оңтүстікқазақстандық ресми делегация Аустрия мемлекетіне ресми іс-сапармен барып қайтты. Негізгі мақсат Оңтүстік Қазақстан облысы мен Аустрияның Каринтия федералдық штатымен ынтымақтастық орнату болатын. Өңірлер арасындағы мәдени, экономикалық, іскерлік байланыс орнату мақсатындағы бұл шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әрине қай елде болмасын өткізілген іс-шарада еліміздің мерейін асқақтату алдыңғы орында тұрары сөзсіз. Бұл жазылмағани заң іспетті. Жұмыс сапары барысында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу шеңберінде «Қазақстан маржандары» атты концерт ұйымдастырылды. Аталмыш концерт Клагенфурт қаласының «Europahaus» қабылдау үйінде өтті. Концертте Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасына қарасты Шәмші Қалдаяқов атындағы филормонияның «Тұмар» фольклорлық және «Қазына» би ансамбльдері өнер көрсетті. Бұған дейін талай халықаралық байқауларға қатысып, бағы мен бабын шыңдап жүрген өнер ұжымына бұл сапар аса қиындық туғызған жоқ. Концертке Каринтия федералдық штатының қоғамдық-саяси және іскер ортасының өкілдері қатысты. Аустрияның зиялы қауымы қазақы ою-өрнекпен бедерленген ұлттық киімдерімізге аса қызығушылық танытты. Күмбірлеген күй тартып, мың бұрала би билеп, ұлттық өнерімізді паш еткен өнер ұжымына зор ықыластарын білдірді. Сондай-ақ, Аустрия мемлекетінің Филлах қаласында биыл 73-ші рет ұйымдастырылып отырған Еуропадағы ең iрi «Villacher Kirchtag» халықаралық фольклорлық фестивалiне Қазақстан алғаш рет қатысты. Онда еліміздің атынан Оңтүстік Қазақстан облыстық Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның «Тұмар» фольклорлық және «Қазына» би ансамбльдері өнер көрсетті. Бұль фестиваль дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп тұрады екен. Еуропаның ең ірі фестивалі болғандықтан оған қатысу шарттары да жоғары. Онда өнер көрсетуге «мыңнан тұлпар шыққан» мықтылар ғана ілігеді. Оңтүстікқазақстандық өнер ұжымдарының аталмыш фестивальге қатысуы еліміз үшін зор мерей болғаны анық. Фестиваль аясында аустриялық және әлемнің әр түкпірінен келген фольклорлық ансамбльдер екі күн бойы 50 мыңнан астам көрермен назарына өз өнерлерін ұсынды. Бұл фестивальді тамашалауға Еуропаның барлық өңірлерінен көрермендер келген. Қатысушылардың өзі 3000-нан асады. Өз елдерінің өнерін дәріптеген ұжымдар фестивальдің қызықты өтуіне атсалысты. Әр елден келген өнер майталмандары өздерінің ұлттық өнерін паш етті. Барлық қатысушылардың бұл фестивальге барын салып дайындалғаны көрініп тұрды. Ұлттық нақыштағы киімдері, ұлттық билері, әндері бәрі де бірінен бірі асып түсердей керемет. Бұл фестиваль ұлттар «лабораториясын» ұсынғандай болды. Еліміздің атынан қатысқан екі өнер ұжымы абыройымызды асырып, ұлттық өнерімізді ұлықтады. Аса ыждағаттылықпен дайындалған ұжым шартараптан жиналған майталмандар арасында үздік өнер көрсетті. Ұлттық киім киген қатысушылардың шеруімен қорытындыланған фестивальге Қазақстанның қатысуы, еуропалық қоғамға ұлттық құндылықтарымызды жақын таныстыруға мүмкіндік туғызды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен Аустриядағы ҚР Елшілігі және Каринтиядағы құрметті консулы П.Зандриссердің қолдауымен ұйымдастырылған осы іссапар, екі ел өңірлері арасында аймақаралық ынтымақтастықтың дамуына жол ашты. Тараптар алдағы уақытта да осындай ынтымақтастықты арттыруға сеп болатын сапарлар ұйымдастырып тұруға келісті. Әрине экономикасыда, туризмі де дамыған ел Аустриядан үйренеріміз көп.
Связанные истории
30.09.2017
41723