Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында түрлі турнирлер, жарыстар ұйымдастырылуда. Сондай туринирдің бірі жуырда облыс орталығында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай, облыс жастары арасында «Спорт бізді біріктіреді» атты турнир өтті. Аталмыш турнирге барлық аудан барынша дайындалып, сақадай сайланып келді. Аталмыш шараға 15 ауданнан, қаладан 300-ден аса спортшы қатысты. Облыс деңгейінде үшінші рет ұйымдастырылып отырған жарыста спортшылар футбол, волейбол, шахмат ойындарынан сынға түсті. Кілең мықтылар тоқайласқан турнир аса тартысты өтті. Бар аудан, қаладан қатысқан командалар жақсы нәтиже үшін барын салды. Нәтижесінде футбол ойындарынан бірінші орынды — Арыс қаласы иеленсе, волейбол ойындарынан І орынды Түркістан қаласының спортшылар жеңіп алды. Ал шахмат ойындарында Қазығұрт ауданыны жүзден жүйрік шығып, І орынды қанжығаларына байлады. Алдағы уақтты аталмыш турнир жалғасын табатын болады. Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і 3 жыл қатарынан бері ұйымдастырып келеді. Аталмыш спорттық турнирге 5 мыңға жуық жас спортшылар қамтылған. Жалпы, облыс бойынша 15 аудан, қаладан спорт саласындағы талантты жастар саны 2016 жылдың жарты жылдық қорытындысы бойынша 120 416-ға жетіп отыр. Ал салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында облыста жыл басынан бері 968 түрлі іс-шара ұйымдастырылған. Мұның барлығы да жастар арасында бұқаралық спортты дамыту бағытында қолға алынған шаралар. Нәтижесі де жоқ емес. Бүгінде түрлі спорт түрлерін жанына серік етіп, шұғылданушылар саны артып отыр. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша бұқаралық спортты дамыту үшін барынша жағдай жасалынып, облыс әкімі тарапынан нақты тапсырмалар берілген. Осы мақсатта қомақты қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда өңірде 600 мыңнан астам тұрғын бұқаралық спортпен ұдайы шұғылданады. Қысы қысқа аймақ болса да мұз сарайында қыстық спорт түрлерімен айналысамын деушілер үшін барлық жағдай қарастырылған. Осы мұз сарайында хоккейден құрама жасақталған. Салауатты өмір салтын ұстану үшін және бұқаралық спортты дамыту үшін республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қаралған. Былтыр пилоттық жоба ретінде Сарыағаш, Бәйдібек аудандары мен Арыс қаласында сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Созақ пен Сайрамда, Кентауда да мұндай нысандар бой көтерді. Одан бөлек Қазақстан Бокс федерациясының демеушілігімен Түркістанда әмбебап-спорттық сауықтыру кешені салынды. Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сай демеушілердің есебінен алаңшалар салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мұның бәрі де бұқаралық спортты дамыту үшін атқарылып жатқан шаруалар. Бүгінгі күні басты назарда тұрған мәселенің бірі. 2015 жылы көркем гимнастика шеберлерін дайындайтын заманауи спорт нысаны, елімізде теңдесі жоқ ескек есу спорт кешені сынды, 155 ғимарат пайдалануға берілді. Бұл әрине болашақ чемпиондарды даярлап шығару үшін ғана емес, жалпы халықтың спортпен шұғылданып, денсаулығын жақсартуға күш салу болып табылады. Жүзу бассейндері де бүгінде көптеп салынуда. Оның барлығы да денсаулығын жақсартамын, спортпен ұдайы шұғылданамын деген жандар үшін көп көмегін тигізері сөзсіз. Бүгінгі күні облыс спортшыларының республика чемпионаттары мен біріншіліктерінде алдыңғы лектен көрінуі спорт саласына жасалып жатқан жағдайдың арқасы. Жаттығатын спорт залдары, арнайы құралдары жоқ болса чемпиондар қайда дайындалар еді? Жыл қорытындысы бойынша дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 632,6 мың адамды құрап, халықтың спортпен қамтылуы 22,3 пайызға жетті. Елбасының Жолдауында айтылған бұқаралық спортты дамыту тапсырмасы бойынша және жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсаты өз нәтижесін беруде.