Бүгін Оңтүстік жұртшылығы Шымкент қаласындағы халықаралық әуежайдан Рио Олимпиадасына қатысқан спортшыларды қуанышпен қарсы алды. Бұл жолғы олимпиадада оңтүстіктің спортшыларының айдарынан жел есті десе де болғандай. Еліміздің мәртебесінің биіктеуіне оңтүстікқазақстандық спортшылар барын салды. Дүниенің төрт бұрышын өзіне қаратқан Риодағы олимпиадада ел қоржынына ең алғашқы медальді облысымыздың мақтанышы Галбадрах Отгонцэцэг салса, ауыр атлетикадан Жазира Жаппарқұл күміс медаль алып ел мерейін тасытты. Осылайша үш миллионға жуық тұрғыны бар облысымыздың абыройын асқақтатты. Бүгінгі салтанатты шараға қатысқан облыс əкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаев Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы Олимпиада ойындарында өңір спортшылары бар мүмкіндігін көрсете білгенін айтып, облыс әкімінің құттықтау хатын жеткізді. «Рио төрінде өткен жазғы Олимпиада ойындарына облысымыздан 21 спортшы қатысты. Бұл спорттық сайыста спортшыларымыз өз мүмкіндіктерін көрсетті. Елміздің қоржынына алғашқы қола медаль сыйлаған жерлесіміз Галбадрах Отгонцэгцэг ерлігін бүкіл әлем мойындады. Ал, Жазира қызымыздың күмісі алтынмен пара-пар.Жазираның Олимпиада төрінде жасаған үлкен ерлігі, қайраты мәңгілік деп ойлаймын. Спортшыларымыздың арқасында, жоғары деңгейдегі әлемдік спорттық додада еліміздің көк байрағы желбіреді», — делінген құттықтау хатта. Айта кетейік, 2016 жылдың 5-21 аралығында XXXI жазғы Олимпиада ойындарына 206 мемлекеттен 11 мыңнан астам спортшы қатысып, 28 спорт түрінен 306 медальдар комплектіне сайысқа түсті. Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасынан 25 спорт түрінен 105 спортшы қатысты. Оның ішінде спорттың 10 түрінен 21 облысымыздың спортшылары. Бұл тартысты бәсекеде Қазақстан 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медальды жеңіп, жалпы командалық есепте 22 орынға қол жеткізді. Әрине әлемдік додада еліміз үшін бұл үлкен көрсеткіш. Ауыр атлетикадан Жазира Жаппарқұлға әу бастан-ақ бапкерлер үміт артқан болатын. Күміс қызымыз өзіне сенім артылған сенімді ақтады. Кіл мықтылар жиылған додада күмістің өзі Қазақ елі үшін алтыннан артық болып тұр. Арыстың аймаңдайлы ару қызы тұңғыш деген құрметті атаққа да ие болды, яғни, қазақ қыздарының зілтемір көтеруден әлемдік сайыста иеленіп отырған тұңғыш күмісі 69 келіге дейінгі салмақтағы зілтемірші қыздардың бәсекесінде ел намысын қорғаған Жазира серпе көтеруде алдымен 111, кейін 115 келіні бағындырған болатын. Алайда, үшінші мүмкіндігінде Жазираға 117 келі бағына сай келген жоқ. Ал Жазираның басты қарсыласы қытайлық атлет 116 келіні бағындырды. Алтын медаль Жазирадан екі келі артық көтерген қытайлық қыздың қоржынына түсті, қоланы мысырлық атлет иеленді. Қазақ қыздары ауыр атлетика бойынша бүгінге дейін Олимпиада тұғырына көтерілген емес. Ол жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері. Ол күллі Қазақ елінің мәртебесін биікке көтерді. Ал Галдбадрахтың жеңісі өз алдына өзгеше қуаныш сыйлады. Рио Олимпиадасына жолдама алғанда-ақ бапкерлер Отгонцецег Галбадрахтың қандай болса да медаль алатынына сенім білдірген еді. Моңғолиядан Шымкентке ауысқан дзюдошы қыздың расында дайындығы мықты болды. Білекті де жүректі қыз талай байрақты бәсекеде жеңіс тұғырына көтерілген. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Оңтүстіктің №1 палуаны атанған ол әлемдік сынақтарда қажетті ұпайларды жинап, Олимпиадалық рейтингте 14-сатыға көтерілген болатын. Дайындыққа көп көңіл бөлетін Галбадрахтың ептілігіне әріптестері таң қалатын. Жылдамдығына да көз ілеспейді. Облыстық жекпе-жек спорт мектебінің шәкірттері Рио Олимпиадасына үкілеп қосқан Отгонцецегтің расында орны бөлек. Өйткені, бұл палуанымыз дзюдошылар арасында Олимпиадада жүлде алатын басты үміткерлердің бірі-тін. Үміт ақталды. Қытайда өткен әлемдік гран-при жарысында жерлесіміз қоладан алқа таққан еді. Бұл жарыстардың барлығы да Отгонцецегтің Олимпиадаға сәттілігіне жетелеген баспалдақтары екен. Қос қуанышымыз өзін қарсы алған жерлестеріне жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Связанные истории
30.09.2017
41723