Риода өткен олимпиадада ел мерейін асқақтатқан бұрымдыларымызды бүгін облыс әкімі Б.Атамқұлов қабылдап, марапаттады. Нәзікжанды болса да ер азаматқа лайық үлгі көрсеткен қос қызымыз күміс және қола медаль иегерлері Жазира Жаппарқұл мен Отгонцэцэг Галбадрахты әкімшілік-іскерлк орталығында қабылдап, қос тұлпар сыйлады. Мұнымен де шектелмей спортшы қыздарға «Нұрсат» шағын ауданынан екі және бір бөлмелі пәтерлердің кілтін табыстады. Айтулы халықаралық бәсекеде еліміздің намысын қорғап, көк туымызды желбіреткен қос саңлағымыздың тақымына басқандары қарапайым көлік емес. Кәсіпкерлердің атынан «Toyota Land Cruiser 200» және «Toyota Land Cruiser Prado» автокөліктерін мінгізді.
«Сіздер Рио олимпиадасында өнер көрсетіп жүргенде барша жерлестеріміз Өздеріңіз үшін жанкүйерлік танытып, күні-түні тілеулес болды. Сондықтан бұл сый-сияпатты бүкіл Оңтүстік жұртшылығының атынан берілген алғыс деп біліңіздер», — деді Б.Атамқұлов. Айтулы додадаларда еліміздің мерейін асқақтатқан саңлақ спортшыларымызды құр қол қалдырмай марапаттап отыру оңтүстікте қалыптасқан дәстүр. Бұл жолы да облыс әкімі жолынан жаңылмай дәстүрді жалғастырды. Өз кезегінде, спортшы қыздар – Жазира мен Отгонцэцэг спорт саласын дамытудағы қолдаулары үшін облыс әкіміне алғысын білдірді. Сондай-ақ, алдағы уақытта құрған жоспарларымен де бөлісті. Марапатқа ие болған қос спортшының екеуі де тұңғыш деген атқа нағыз лайықтылар. Жазира олимпиада тарихында күміс иеленген тұңғыш қазақ қызы болса, Галбадрах олимпиадада тұңғыш медальды қоржынымызға салғанымен есте қалары сөзсіз. Екеуі де 2020 жылы Токиода өтетін халықаралық олимпиадада ел үмітін ақтап, барын салатындықтарын жеткізді. Спортшылармен болған кездесуде аймақ басшысы соңғы жылдары өңірімізде ауыр атлетика мен күреске айрықша көңіл бөлініп, аталған спорт түрлерімен жастардың көптеп айналысып жатқанын жеткізді. Салауатты өмір салтын ұстануға Елбасының да жете мән беріп, көңіл бөлуінің арқасында әр ауылдан спорт кешенін ашу жұмыстарының жүріп жатқанын айтқан облыс әкімі халқымызды бұқаралық спорт түрлеріне жиірек тарту басты мақсат екенін алға тартты. Риода қола медальға қол жеткізген спортшы Галбадрах Отгонцэцэг отанымызға оралған соң жанкүйерлерін тағы бір әрекетімен тәнті еткен еді. Яғни, баршаға қазақ тілінде алғыс жаудырған спортшының онысына сүйсінбеген жан кемде-кем болды. Өзге тілді әсіресе спортшыларымыздың қазақша алғыс айтуына әрине сүйсінеміз. Елді ықыласы артатынын әрине олар да біледі. Алдағы уақытта қазақша сайрап кетсе таңқалмаймыз, есесіне қуанамыз. Олимпиада ойындарында жүлдеге ие болған тұңғыш қазақ спортшысы Жазира Жаппарқұл ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұловтың қымбат сыйлығын өзі тақымдайтынын айтты. Аймақ басшысынан пәтер мен қымбат көлік кілтін алған зілтемірші Жазира Жаппарқұл ерекше толқынысын жасыра алмады. Қолдау көрсетіп жатқан барша азаматтарға алғыс айтқан Жазира облыс әкіміне асқан ризашылығын білдірді. Жаңа ауданнан жаңадан салынған үйден су жаңа екі бөлмелі пәтерді сыйға алған ол бұны ата-анасына сыйға тартатынын айтты. Ауыр зілтемірді қайыспай көтерсе де жаны нәзік екен Жазираның. Олимпиададан алған қомақты қаражатын жиенін емдеуге жұмсайтынын айтып талайлардың жүрегін елжіретіп еді. Енді басты байлығы ата-анасына пәтерін сыйлап тағы да қуантып отыр. Саңлақ спортшымыздың алға қойған жоспары да ауқымды. «Біраз жарақаттарым бар. Жаттығу деп, басқа деп оған мойын бұруға мұрша болмады. Алла бұйыртса, жақсылап емделуім қажет. Содан соң қаңтар айынан бастап жаттығу жұмыстарына кірісемін. Ендігі үлкен арманым — Токиода өтетін Олимпиадада еліме алтын жүлде сыйлау. Арманыма жету үшін талмай талаптанып, күні түні жаттығуым керек. Елбасым үшін, елім, Отаным үшін барлық күшімді саламын», — деl3 зілтемірші.
Динар Бекасыл