Жуырда Оңтүстік Қазақстан облыстық «Жас туристер» станциясы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Балалар туризмі күні» атты мерекелік іс-шара өткізді. Аталмыш шара «Кең-баба» этносаябағында ұйымдастырылды. Мұндай шара облысымызда алғаш рет қолға алынып отыр. Іс-шараға станция үйірмелерінен дәріс алатын 100 бала қатысты. Туризм саласының қыр-сырына үйреніп жүрген балақайлардың мерекесін атап өтуге облыс әкімдігінің, облыстық білім бөлімінің, туризм саласының қызметкерлері қалалық кәсіпкерлік палатасының, «Сайрам-Өгем» табиғи саябағының, «КЛАД» қоғамдық ұйымының өкілдері атсалысты. Уақыт өте келе жас туристер станциясының жас сайыпқырандары еліміздің ішкі туризмді дамытуға ат салысары сөзсіз. Әрине мұндай шаралардың жас саяхатшыларға үйретері көп. «Балалар туризмі күні» белсенділік танытқан балаларға «Жас туристер» станциясының директоры Сәуле Өмірбаева алғыс хат пен кәдесыйлықтар үлестірді. Бүгінде жас туристер станциясына қатысуға ниет еткендердің қатары көбейіп келеді екен. Белсенді жас туристер шараға қатысушыларды станцияның тыныс-тіршілігімен таныстырды. Туристерге арналған жабдықтарды қолдану тәсілдерін көрсетті. Аталмыш станция мамандары жас өскіндердің туризм саласына қызығушылығын ояту үшін түрлі іс-шаралар, жарыстар ұйымдастырылып тұратыныдығын тілге тиек етті. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған шарада келушілер арасында түрлі мерекелік ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды.
Сәуле Өмірбаева, облыстық жас туристер станциясының директоры:
— Жас туристер станциясының кішкентай саяхатшылары түрлі байқаулардан жүлделі орындар иеленіп жүр. Олар әрдайым жаңашыл дүниелерді үйренгілері келіп тұрады. Жас өскіндерге мол мағлұмат беру үшін арнайы туристік бұрыш жасадық. Балалар туристердің немен және қалай тамақтанатынын, қалай жұмыс істейтінін көруі керек. Осы уақытқа дейін атқарған жұмысымызды көрсету мақсатында фотокөрме жасадық.
Іс-шара аясында станция әдіскерлері – Ержан Махашев балаларға туристік шеберлік сабағын өтті, ал Қайрат Кәрібаев түрлі викториналық сұрақтар қойып, балалардың зейіні мен ойлау қабілетін арттыруға күш салды. Мұнымен де шектеліп қалмай семинар-тренингтен кейін жас туристер станцияларының қатысушылары мен тәлімгерлері құзға өрмелеуден сынға түсті. Тіп-тіке жартастың жасалған құз бір қарағанда алынбас қамалдай көрінетіні рас. Үнемі жаттығып жүргендіктен де жас туристердің ешқайсысы да тартынбады. Беліне арқан байлаған жастар сол жартасқа өрмелеуге кірісті. Төрешілер олардың уақыттарын белгілеп отырды. Нәтижесінде Шымкент қаласының тұрғыны Жанболат Ергешбаев ептілік танытып, бар-жоғы 44 секундта 18 метр биіктікті бірінші болып бағындырды. Жеңімпаз: «Жас туристер станциясының белсенді мүшесі болдым. Онда осы салаға қатысты талай дүниені үйрендім. Жас балаларға үйретері көп осындай орталықтың жұмысы мақтауға тұрарлықтай. Жылдамдыққа, күшті болуға үйрететін, спорттың бір түрі дер едім. Балаларды жастайынан осыған үйрете беру керек» дейді.
«Балалар туризмін дамытуымыз қажет. Тау фестиваліне жас туристер станциясы ұстаздары барлық аудан-қалалардан келіп қатысуда. Олар бұл фестивальде көрген-білгендерін оқушыларына барып, үйретеді, бөліседі. Бүгінде облыс орталығындағы жас туристер станциясына мыңға жуық бала келеді. Ал осындай іс-шара кезінде олардың қатары артады, – дейді облыстық жас туристер станциясының директоры Сәуле Өмірбаева. Шараға қатысушылар фотосуреттер көрмесін аралап, концерттік-сазды бағдарламаны тамашалады. Мереке соңына қарай арнайы тәттілермен толтырылған дастарханнан дәм татты. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында туризм саласын дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана бұл. Алдағы уақытта жас балалардың туризм түріне қызығушылығын арттыру үшін көптеген жобалар жоспарлануда.
Динар Бекасыл