Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында бұқаралық спортқа көптеп көңіл бөлінуде. Жастардың түзу жолдан тайқымай, салауатты өмір салтын ұстануы үшін барынша жағдай жасалынуда. Әсіресе көпқабатты үйдің аулаларына белтемір, басқа да спортқа қажетті құралдар орнатылуда. Бұл сондай ақ көше спортының дамуына да өзіндік көмегін тигізуде. Жуырда облыс орталығында Street Workout алаңы ашылды. Аталмыш спорт алаңшасының ашылуына Қазақстан Республикасының ұлттық олимпиада комитеті қолдау көрсеткен. Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағында ашылған алаңда ашық аспан астында спортпен жаттығуға болады. Салауатты өмір салтын сақтауға арналған Street workout қозғалыс құралдары облыс орталығының бірнеше аумағына орнатылып, тұрғындардың спортпен тегін шұғылдануына мүмкіндік тудырып отыр. Бұл ойын алаңдары 20-дан астам түрлі снарядтан құралған. Аталған спорт алаңдарының құрылысы ұлттық олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен әрі қаржылай қөмегімен салынған. Бұл жоба еліміздің әр өңірінде балалар мен жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын оятуды көздейді дейді жауаптылар. Нәтижесі де жаман емес. Жасырары жоқ бүгінде спорт залдарына барып жаттығуға көпшіліктің уақыты бола бермейді. Ал көше бойларына, аулаларға орнатылған құралдармен кез келген уақытта жаттығу жасауға болады. Шымкенттік воркаутшы жігіт Street Workout-тан әлем кубогіне жолдама жеңіп алды. Алматы қаласында өткен Оңтүстік Қазақстанның ашық кубогінде 17 жасар Хамит Асылбек күміс жүлдені ұтып алды. Белтемірде шырқ айналған шебер жігіттің өнерін төрешілер жоғары бағалаған. Екінші орын алғаны үшін спортшы әлемдік жарыстарға қатысуға мүмкіндік беретін сертификатқа қол жеткізіп отыр. Хамит Асылбек Шымкенттегі белгілі «XIII Legion» воркаутшылар командасының мүшесі. Бүгінде жастардың қызығушылығын оятып отырған бұл команда үш был бұрын құрылған. Содан бері жігіттер қаладағы аулаларда салауатты өмір салтын өзгелерге насихаттап жүр. Өткен жылы «XIII Legion» командасы Астана қаласында өткен әлем чемпионатында үздік деп танылған болатын. Қазақстанда street workout және street lifting (көше спорты) бойынша жаңа федерация жұмысын бастады. Аталмыш федерацияның вице-президенті Ислам Бадурговтың хабарлауынша, ұйым аталған спорт түрін дамытумен айналысып қана қоймай, жастар арасында темекі шегу және алкогольдік өнімдерге әуестенуді алдын алу жұмыстарына белсенді араласпақ. Бір айта кетерлігі қазақстандық федерация осы спорт түрі бойынша тіркелген әлемде алғашқы ұйым болып табылады. Бүгінде аталмыш спорт түріне қызығушылардың қатары артып келеді. Street Workout — бұқаралық спорт түрлерінің бірі. Ол спорт алаңдарындағы белтемірлер, қырлы бөрене, көлденең және тік сатылар сынды спорттық снарядтарда түрлі жаттығуларды қамтиды. Бұл спорт түрінің артықшылығы көп. Ең бастысы әрқашан салауатты өмір салтына үгіттейді. Street workout денені шынықтыруға ғана емес, сонымен қатар ақыл-ой өрісін дамытуға көмектеседі. Сондықтан жастар арасында танымал болуда. Себебі бұл спортпен кез келген адам шұғылдана алады . Онымен айналысу үшін фитнесс-клубтарға барудың қажеті жоқ, есік алдындағы алаңдарда спорт жабдықтары болса болғаны. Бүгінде ресми емес мәліметтер бойынша оңтүстікқазақстандықтардың көше спортына 8-10 мыңға жуық жастар қатысады. Танымалдығы жыл санап артып келеді. Мамандар бұл спорт түрімен айналыса бастағалы жастар арасындағы құқықбұзушылық фактілері азайып келеді дейді. Алдағы уақытта қалалық чемпионаттар мен фестиваль өткізу жоспарлануда. Оған әрине оңтүстікқазақстандық жастар көптеп қатысады деген сенім бар. Бұл олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануының төте жолы десек артық айтқандық болмас. Жастардың спортпен айналысуына қызығушылықтарының артуы Оңтүстік Қазақстан облысында осы салаға көптеп көңіл бөлінуінің нәтижесі.
Динар Бекасыл