Оңтүстік Қазақстан облысының атағын аспандатып жүрген спортшыларымыз жетерлік. Жуырда оңтүстіктің қоржынына жас кикбоксшы Аружан Қожамсүгір әлем чемпионатынан күміс жүлде қосты. Осы уақытқа дейін талай белесті бағындырып жүрген жас спортшы бұл жолы Ирландияның Дублин қаласында кикбокстан жасөспірімдер арасында әлем біріншілігінде топ жарды. 60 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, қарсылатарын ойсырата жеңді. Аружан алдымен Қазақстан чемпионатында топ жарып, әлем біріншілігіне жолдама алған болатын. Елімізде өткен дода да қарсыластары осал болған жоқ. Ақыры төккен тер өтеліп Еуропа төрінде жеңіс тұғырынан көрінді. Әрине бұл 15 жасар кикбоксшы үшін оңай болған жоқ. Елішілік жарыстарда әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп жүрген қаршадай қыз халықаралық додаға барын салып дайындалған болатын. Әу баста асқан қарқынмен кірісіп, финалға дейін әдемі ойын өрнегін көрсетті. Дегенмен ақтық сында қарсыласы оқ бойы озық шығып, мерейі үстем болды. Аружанның қарсыласы да осал емес-тін. Дегенмен күміс те болса орны бөлек. Бұл айтулы додаға әлемнің 47 мемлекетінен 700-дей спортшы қатысты. Барлығы да сайдың тасындай іріктелген кіл мықтылар. Бәсеке барысында бірінен бірі үстем болып, жарыс көрігін қыздырды. Бұл сында Қазақстан спортшылары жалпыкомандалық есепте 21-ші орыннан көрінді. Оңтүстіктің мерейін үстем етіп жүрген Аружан Қожамсүгір – облыс орталығындағы № 11 шығыс жекпе-жек спорт түрлері мектебінің шәкірті. Қазақстанның екі дүркін чемпионы. Спорттың бұл түрімен шұғылданғанына небәрі бір жыл ғана болған. Жеке бапкері – әкесі Әли Қожамсүгір. 25 жылдан бері спорт саласында еңбек ететін бапкердің талапты шәкірттері көп. Күрзі жұдырықты ару болашағынан үлкен үміт күттіретін мықты спортшылардың бірі.