Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және 30 тамыз–Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылуда. Жуырда облыс жастары арасында «Спорт бізді біріктіреді» атты турнир өтті. Аталмыш шараға 15 аудан, қаладан 300-ден аса спортшы қатысты. Қазіргі таңда денсаулық мықты болуы үшін ең бастысы спортпен шұғылдану екендігін насихаттап, бұқаралық спортты дамыту үшін жұртшылықты спортпен шұғылдануға үндеу тастаған жастар түрлі спорт түрлерінен жарысқа түсті. Бұқаралық спортты дамыту ең алдымен жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын қалыптастыратындығын бүгінде жастар терең түйсінеді. Мұндай жарыс облыс деңгейінде үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Аталған бәсекеде спортшыларымыз футбол, волейбол, шахмат ойындарынан бақ сынасты. Жарыс аса тартысты өтті. Аудан, қалалардан жиналған кілең мықтылар намысты қолдан бермеу үшін барын салысты. Нәтижесінде: футбол ойындарынан бірінші орынды — Арыс қаласы алса, волейбол ойындарынан І орынды Түркістан қаласының спортшылар иеленді. Ал шахмат ойындарында Қазығұрт ауданы жүзден жүйрік шығып, І орынды қанжығаларына байлады. Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің 3 жыл қатарынан ұйымдастырылып келетін спорттық турнирге 5 мыңға жуық жас спортшылар қамтылған. Жалпы, облысымызда 15 аудан, қаладан спорт саласындағы талантты жастар саны 2016 жылдың жарты жылдық қортындысы бойынша 120 416-ға жетіп отыр. Ал салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында облыста жыл басынан бері 968 түрлі іс-шара өтті.