Бүгінге дейін талай олимпиада чемпиондарының қанатын қатайтқан оңтүстік өлкесінде таланты жас боксшылар өсіп келеді. Әлемдік додаларда облысымыздың ғана емес, еліміздің атын аспандатып жүрген боксшыларымыздың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысының боксшылары. Расында топырағынан талай талант түлеп ұшқан оңтүстіктен әлі де мықты боксшылардың көптеп шығатыны шүбәсіз. Жуырда ҚР Бокс федерациясының кубогы үшін ұйымдастырылған бәсекеде оңтүстіктің оғландары тағы да топ жарды. Бұл бәсеке биыл VII рет ұйымдастырылып отыр. Әл-Фараби алаңында өткен жарысты тамашалаушылар өте көп жиналды. Ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай және «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов құттықтау сөз сөйлеп, аталмыш турнирдің маңызы өте жоғары екеніндігіне тоқталды. Атырау облысынан келген бокшыслармен өткен жекпе-жекте «Оңтүстік барыстары» 8:2 есебімен басым түсті. Атыраулықтар да есе жібермейтін мықты команда. Дегенмен оңтүстіктің оғландарының жұдырығына төтеп бере алмады. Жеңіл салмақтағы жас боксшыларымыз жалғасты жеңіс жолын бастап берді. Жомарт Ержан (49 келі), Олжас Байниязов (52 келі), Олжас Қалаубек (56 келі) және Сұлтан Зауырбек (60 келі) қарсыластарын шақ келтірмеді. Орта салмақта Бекдәулет Ибрагимов те таза жеңіспен аяқтады. Ауыр салмақтағы яғни, 81 келіде Нұрбол Әлтаев бәсекенің тағдырын шешті. Одан кейінгі ауыр салмақтағы боксшыларымыз да бәсекеде жеңіс туын желбіретті. ҚР Бокс федерациясы кубогының жеңімпаз командасына 25 млн теңге сыйақы беріледі. ОҚО құрамасы өткен жылы кубоктың иегері атанған болатын. Биыл да жеңісті қолдан бермейді деген үміт басым.