Үндістанда өткен Азия чемпионатына Қазақстан құрамасы талай таланты дзюдошыларды үкілеп қосқан болатын. Дегенмен жалғыз алтын медальды дзюдошы — шымкенттік палуан Перизат Қадырбекова жеңіп алды. Құрлық біріншілігі жастар арасында өткен болатын. Перизат 78 келідегі спортшылар арасында сынға түсті. 19 жасар дзюдошы ару осыған дейін екі рет Азия чемпионатына қатысып қоладан алқа таққан болатын. Бұл — спортшы қыздың алғашқы алтын жүлдесі. Ал осыдан екі жыл бұрын дзюдодан Словенияда өткен Европа кубогында Перизат Қадырбекова қола медальді жеңіп алған еді. 70 келіде бақ сынаған балуан қыз жарыс жолында Голландия, Чехия, Словакия , Австрия сынды елдердің спортшыларымен белдесу өткізді. Жеңіс тұғырынан көрінген жерлесіміз бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы №10 шы күрес түрлері спорт мектебінде тәлім алады. Енді Перизат Қадырбекова желтоқсан айының 9-ына дзюдодан Ганконгта жалауын көтеретін Азия чемпионатында ел намысын қорғайды. Перизат бүгінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педогогикалық институтының студенті. Елішілік біріншіліктерде үнемі топ жаратын Перизат халықаралық дәрежедегі сайыстардан жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Жерлестерін жерге қаратқан емес. Сондай-ақ Перизат Қадырбекова
ел тарихында алғаш рет қазақ күресінен алтын алқа таққан. Бүгінде жаттығу жұмыстарына бел шешіп, білек сыбана кірісіп кеткен дзюдошы қыздың арманы асқақ. Осы уақытқа дейін талай белесті бағындырған ол енді олимпиаданың алтын алсам деген мақсаты бар.