Бүгінде жаппай қолдауға ие болған спорт түрінің қайсысы болмасын бастауын бұқаралық спорттан алады. Әрине спортты дамыту үшін онымен айналысатаны адамдардың қызығушылығын тудыратындай жағдайлар жасалуы керек. Әсіресе жастардың қызығушылықтарын арттырудың басты шарты осы. Бұл бағытта Оңтүстік Қазақстан облысында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жетерлік. Жоспар бойынша облыстың шалғай шеттегі ауыл, аудандарында 2015-2017 жылдары аралығында спорт алаңдарын салу бойынша жоспар бекітілген. Жұмыстар кезең кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінде халықаралық додаларда еліміздің абыройын аспандатып жүрген дарабоз спортшыларымыздың дену ауылдардан шыққан. Сондықтан да ауыл спортына көптеп көңіл бөлінуі тиіс. Облыс әкімдігінің қолдауымен Арыс қаласы мен Сарыағаш, Бәйдібек аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылыс жұмыстары басталған болатын. Өткен жылдың тамыз айында Арыс қаласында, желтоқсан айының соңғы күндері Сарыағаш ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы аяқталып пайдалануға берілсе, Бәйдібек ауданындағы спорт кешені биыл аяқталады. Пайдалануға берілген спорт кешендерінің игілігін ауыл жастары көруде. Онда ауыл жастарының спортпен айналысуына барынша жағдай жасалған. Сонымен қатар, өткен жылы облыстық бюджет есебінен Шымкенттегі «Бадам» су қоймасында су және ескек есу спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу базасы пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде байдарка және каноэде ескек есуден шеберліктерін шыңдайтын спортшыларымыздың қатары артып келеді. Алдағы уақытта осы «Бадам» базасында әлемге аты танылған спортшылар шығатыны шүбәсіз. Ондағы жасалған жағдайлар дамыған елдердегіден кем емес. Барынша жағдай жасалған спорт кешенінде жаттыққан спортшылардан нәтижесі де биік болар деген үміт те жоқ емес.