Бүгінде Оңтүстік Қазақстан блыстық және қалалық спорт мектептерінде спорт секцияларының 1500-ден астам түрі бар. Балалар өз қызығушылықтарына қарай таңдап баруына мүмкіндік мол. Сан алуан секцияларда бүгінде 14 000 жасөспірім жаттығады. Футбол, теннис, мәнерлеп сырғанау, суда жүзу, еркін күрес тағы да басқа спорт секцияларына қатысушылар қатары артып келеді. Қазіргі таңда облыс орталығында 781 спорттық нысан бар. Олардың ішінде: 314 спорт алаңы, 11 спорттық кешен, 8 бассейн, демалыс саябақтарындағы 15 спорттық тренажерлар және 124 мектепте спортзалдар жұмыс істейді. Сондай-ақ арнайы жарақтандырылған 13 спорт мектебі бар. Әрине мұндай қажетті құрал жабдықтармен жабдықталған спорт нысандары спортшылардың жоғары жетістікке жетуіне мол үлес қосары сөзсіз. Облыс орталығында спорттың 45 түрі мықтап дамыған. Одан бөлек джитсу, муай тай, джикундо сынды жауынгерлік жекпе жек түрі де дамып келеді. Осы спорт түрлеріне қызығушылық танытып отырғандар көп. Дегенмен аталған спорт секцияларының көбісі жекеменшік ретінде жұмыс істейді. Бағасы аса қымбат болмаса да балаларын осы спорт үйірмелеріне беріп, жаттықтырып жүрген ата-аналар баршылық. Бүгінгі шынашақтай бүлдіршін ертеңгі жұмылған жұдырықтай алып болып өседі. Оған спорттың қосар үлесі мол. Өңірімізде спорт саласына жасалып жатқан жағдайлардың арқасында спорттық жетістіктер көрсеткіші де көтеріліп келеді.
Динар Бекасыл