Бүгінде су спортынан елімізің атын шығарып жүрген спортшыларымыз жетерлік. Байдаркамен каноэда ескек есу бойынша облыс тарихында алғаш рет Әлем Кубогі үшін таласта облысымыздың мақтанышы Тимур Хайдаров каноэда есуден 200 метрге жарыста жекелей қайықта сынға түсіп, алтыннан алқа таққан болатын. Оңтүстік Қазақстан облысының саңлақ спортшылары саналатын ескекшілер Ұлттық құраманың сапында Германияда өткен Әлем Кубогінің алғашқы кезеңінде де жүлделі болған-ды. Дуйсбургте Сергей Емельянов каноэда есуден 500 метрге жарысып, қола жүлдеге ие болған-тын. Бүгінде атақты спортшылардың ізбасарлары көбейіп келеді. Оңтүстікқазақстандық мектеп оқушылары сабақтан тыс уақыттарында Қошқар ата өзенінде су спортына жаттығып жүр. Бұл олардың шымыр болып өсуіне пайдасын тигізері сөзсіз. Әрі осы спорт түрінен болашақ чемпиондар шығуы да бек мүмкін. Қаланың қақ ортасынан өтіп жатқан Бадам және Қошқар ата өзені балалардың байдарка және каноэ есу сынды спорт түрлерімен айналысуда зор мүмкіндік беріп отыр. Оңтүстік Қазақстан облыстық жас туристер стансасы қалаға қарасты 35 мектеп ұжымының оқушылары арасында байдарка есуден жарыс өткізуде. Ұйымдастырушылар жаз айларында мұндай жарыстарды көптеп өткізіп, осы спорт түріне қызығушылығы бар жас өскіндерді кәсіби спорт түріне баулитындығын жеткізді. Қошқар ата өзенінде жуырда «Ұлы дала перзенттері» атты спорттық сайыс ұйымдастырылған болатын. Балалардың аталған спорт түріне деген ынталары зор.
Динар Бекасыл