Оңтүстік Қазақстан облысында жуырда садақтан оқ ату спортынан жарыс өтті. Қазақстан кубогында еліміздің 6 облысынан мергендер қатысып, алыстан көздеуден сұрмергендерді анықтады. Аталған сайысқа облыс атынан мықты сұрмергендер Анастасия Турпина мен Луиза Сайдиева қатысты. Екеуі де мықты спортшылар. Жарыс қорытындысы бойынша Анастасия Турпина бірінші орынды иеленді. Ал жазғы олимпиада ойындарында алғаш рет қатысқан Луиза Сайдиева осы сайыста екінші орынды иеленді. Луиза 4 жылдан соң өтетін Токио олимпиадасында алтын медалмен оралуды мақсат еткенін жасырмады. Жарыстың жабылу салтанаты өтіп онда жеңімпаз спортшыларға кубоктар пен медалдар табысталды. Командалық сында Оңтүстік Қазақстан облысының командасы бірінші орынды иеленді. Ал жастар арасында Алматы облысының садақ атушыларына тең келетін спортшылар табылмады. Жеке сында өңіріміздің 5 спортшысы бірінші орынды иеленіп, бапкерлерінің сенімін ақтады. Облыс орталығындағы Қажымұқан атындағы орталық стадион аумағынан «Садақ ату спорт кешені»-нің ашылғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Спорт кешені 0,72 гектар аумақта орналасқан. Оның құрылысы 2012 жылы шілде айында басталып, спорт нысаны 2013 жылы қазан айында аяқталған болатын. Құрылысқа облыстық бюджеттен 127,0 миллион теңге қаржы қаралып, толығымен игерілген. Осы күнге дейін Шымкент қаласында мұндай оқу-жаттығу орталығы болмаған. Спорт саласы мамандарының ұсынысымен облыс әкімінің қолдауымен аяқталған спорт нысаны бір мезетте 60 садақ ату спортшысын қабылдауға мүмкіндігі бар.