Оңтүстікқазақстандық көкпаршылар бүгінде жемісті де, жеңісті ойын өрнегін көрсетіп келеді. Ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырыла бастағалы бері облыс спортшылары тамаша өнер көрсетіп жүр. Жуырда Қырғызстанда өткен Көшпенділер ойындарында жерлестеріміз біраз биіктерді бағындырды. Облыс спортшыларының дайындықтары мықты болатын. Дегенмен біраз бұрмалаушылықтар орын алып, көкпаршыларымыз ақтық сында қырғызстандықтармен кездесіп, жеңіліп қалған болатын. Екінші орын, яғни көкпаршыларымыз көшпенділер ойынында күмісті қанағат тұтты. Шолпан атада 4 жерлесіміз алтыннан алқа тағып, мерейімізді тасытты. Ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтан екеуі үздік болса, аударыспақтан екі жерлесіміз чемпион атанды. Қиын да күрделі ойын түрі аударыспаққа білегі мықты, салмағы ауыр жігіттеріміз шыққан болатын. Төрешілер тарапынан әділетсіздік орын алып жатқан соң, білекті жігітіміз өзінің мығым екендігін ақтық сында бар күшін салып, қарсыласын ат үстінен жұлып түсіріп қана таза жеңіспен дәлелдей алды. Сырым Ізбасаров осылайша бұрмалаушылыққа тосқауыл қойып, жеңісті әділ жолмен дәлелдей білді. Қырғыз ағайындар біраз ойын түрлеріне өз ережелерін енгізген. Соның салдарынан жерлестеріміз біраз қателіктер жіберіп алды. Дегенмен жеңіс туын желбіретіп қайтты. Мұның барлығы да облыста спорт саласына жасалған бетбұрыстың арқасы. Кезінде көкпар деген ұлттық ойынымыз мүлде мойындалмай ұмытылып қалғаны есте. Бүгінде шүкір көкпаршыларымызға бюджет есебінен айлық жалақы төленіп, барынша жағдай жасалуда.