— Әу баста еңбек жолыңызды газеттен бастаған екенсіз. Телевидениеге
ауысуға не түрткі болды?
— Бала жасымнан спорт тақырыбын талқылағанды қатты ұнатушы едім. Осы тақырыпта қалам тербеу арманым болатын. Әу баста «Спорт» газетінен бастадым. Оқушы дәптерін қолыма алып, Алматыдағы Жібек жолы көшесінде орналасқан «Спорт» газетінің редакциясына, Несіпбаев ағама келдім. Оқуым жоқ, тоқуым да жоқ. Тәжірибені айтпағанның өзінде. Әскерден жаңадан келгем ол кезде. Қиын кезең. Негізі мені журналистикаға алып келген спорт. Мен спорт коментаторы болсам деп армандадым. Сондықтан спорт газетін таңдадым. Келер жылы ҚазМУ-ге оқуға түстім. Оқумен бірге жұмыс та істедім. «Спорт» газетінде 1997жылға дейін қызмет еттім. Ол бір қиын кезеңдер еді. Газет шығаратын қағаз жоқ. Айлап, жарты жылдап шықпай қалатын. Оқу бітірген соң амалсыздан мен телевидениеге ауыстым. «Рахат», «31», «Хабар», «Жетісу» телеарнасында, президенттің телерадиокешенінде істедім. Соңғы бір маусымда осы «Айтуға оңай…» ток шоуының жүргізушісімін. Міне, журналистикада жүргеніме 20 жылдан асыпты.
— Президент телерадиокешенінде жұмыс істедіңіз. Елбасымен бірге шетелдік іссапарларда көп болдыңыз. Өзіңіздің жеке басыңызға қандай да бір пайдасы болды ма? Қызметтік өсу жағынан болсын, материалдық жағынан болсын…
— Мен көптеген қызметтен өз еркіммен бас тартқан адаммын. Кезінде Алматыға Серік Үмбетов әкім болып қызмет істеп жүргенінде 2007 жылы облыстық «Жетісу» телеарнасын басқаруға шақырды. «Осы елдің азаматысың ғой. Мына телеарнаға сенің көмегің, тәжірибең керек болып тұр. «Туған жерге туың тік» деген қазақта сөз бар, кел, көмектес» деген соң, сол ағаларыма көмектесейін деп бардым. Кейін Серік Үмбетов қызметінен кеткеннен кейін мен де өз еркіммен рұқсатымды алып творчествома оралайын деп шештім. Негізінде қызмет қуған адам емеспін. Қызмет қуатын болсам министрлікте жүрген адамдар үлкен- үлкен қызмет ұсынды. Бірақ мен ол қызметтерден өз еркіммен бас тарттым. Менің өзімнің жобаларым бар. Жоспарларым бар. Шығармашылық адамы болғаннан кейін өзімнің қолымнан не келетінін, не істей алатынымды білем. Және сол жұмыспен айналысамын.
— Шетелдерде көп болдыңыз. Өзіміздің журналистер мен шетелдік журналистердің айырмашылығы неде деп ойлайсыз?
— Ол үшін шетелге барудың қажеті жоқ, пультті алып теледидарды қоссаңыз бүкіл шетелдің арналарын ақтарып шығуа болады. Олар не істеп жатыр, біз не істеп жатырмыз? Оларда ұзақ жылдардан бері дамып келе жатқаннан кейін, ерекше қаржылық көзі болғаннан кейін әрине оларда әлдеқайда алпауыт. Алысқа бармай-ақ Ресеймен ақ салыстырып көрейікші біз журналистикада көп салада ұтылып жатырмыз. Көп салада есеміз кетіп жатыр. Бірақ ол дегеніңіз біздің журналистердің деңгейінің төмендігі деген сөз емес. Бізде мықты журналистер көп. Бірақ біз журналистерге осы салада жағдай жасай алып отырмыз ба? Солардың осы салада қалуына, жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отырмыз ба? Міне, бұл басқа мәселе.
— «Айтуға оңай…» бағдарламасына көп сын айтылады ма? Сынға қалай қарайсыз?
— Мен сынға ешқашанда ренжімеймін. Сын айтылды, жазылды да. Мақтаулар да көп естіліп жатыр. Ол болуы керек. Мынаны есте сақтау керек, телевидение жалғыз адамның жұмысы емес. «Айтуға оңайды» жалғыз Бейсен Құранбек шығарып жатқан жоқ. Бұл үлкен ұжымдық жұмыс. Бұл бірінші маусым. Біз шын мәнінде көрермен үшін, соларға бір пайдалы нәрсе берейік, бір нәрсені құлағына жеткізейік, адамдарды бір- бірімен жалғайық, қандай да бір адамға қол ұшымызды тигізейік деп жанымызды аямай, күн-түн демей, уақытпен санаспай еңбек етіп жатырмыз. Мен осы үшін мақтана аламын. Ал мен анау дұрыс емес, мынау қолымнан келмеді деп оған аса мән беріп қарамаймын. Біздің қолдан келгені осы. Ал басқа адамдардың қолынан келіп басқаша жасап жатса нұр үстіне нұр. Сондықтан біз өзіміздің қабілетіміз қандай деңгейде сол деңгейде жасадық. Бұдан артық, не бұдан кем шықпады. Тура осылай болып шықты. Болды.
— Қазақ телевидениесінде көрерменнің көңілінен шыққан небір мықты бағдарламалар болды. Бірақ ғұмырлары ұзақ болмады. Шұбырған сілекейімізді жинай алмай жүргенде бітеді де қалады. «Айтуға оңайдың» да ғұмыры қаншалықты..?
— Бір маусымға ғана рұқсат бергенмін. Жақында оның уақыты аяқталады. Содан кейін шын мәнінде менің өзімнің жоспарларым бар. Маған келіп, «осы бағдарламаны қолға алып едік, екі топ болды, шықпай жатыр, көмектес» дегеннен кейін келгенмін. Осы маусым аяқталады. Тамыз айына дейін жазып тастағанбыз. Одан кейін өз жоспарларым бойынша жұмыс істеймін. Жеке басымның жобалары бар. Оның ғұмыры қаншалықты екенін басшылар бар, солар шешеді.
— Жұбайыңыз туралы бірер сөз…
— Жұбайымның мамандығы педагог. Тіл маманы. Үйленгенімізге 15 жыл болды. Қарт анам бар, соған балаларға қарайды. Үйде отыр жұмыс істемейді. Жоғары білімді маман. Кезінде университетте сабақ берген. 5-6 тіл біледі.
— Алдағы уақытта өзіңізді «Айтуға оңайдан» да мықты хабардан көре аламыз ба?
— Жалпы журналистикадан тыс жобаларым бар. «Айтуға оңай» дың да артықшылығы да бар, кемшілігі де толып жатыр. Мен үшін ең қуантатыны біз қаншама адамға көмектестік. Мысалыға бірінші кейіпкер арба сүйреген ақын. Соны эфирге шығарған кезімізде ол кісі «менің арманым кітап шығару еді» деп айтқан еді. Өткенде ғана кітабы шығып, мың тиражы қолға тиген кезде ол кісінің кітапты сүйіп, толқып, жылағанын көрсеңіз. Темірәлі Бақтыгереев ұмыт қалған композиторлардың бірі болатын. «Барып қайт балам ауылға…» деген атпен Сұлушаш Нұрмағамбетова апамызбен бірге кеш өткіздік. Сол кезде Мәдениет министрлігі Темірәлі ағамызға мәдениет саласына қатысты атақ беріп, марапаттады. Сол кезде ол кісі де толқып, бізге алғысын жаудырды. Жуырда ғана Аяулым деген жетім қыз шықты. Сіңлілері мен інілері жан-жаққа шашырап кеткен. Солар басымыз біріксе деген армандарын айтқан-тын. Талдықорғаннан Берік есімді кәсіпкер хабарласып «менің үйім бос тұр, басыбүтін берейін соларға» дегенде қамкөңіл қыз қатты қуанды. Өткенде Шиеліден келген Тоғжан деген қызға Рабия деген апай қолұшын созып, үлкен көмек жасап отыр. Сол кісі ай сайын хабарласып тұрады. «Айналайын қызың жұмыс істеп жатыр, ай сайын 70 мың теңге айлық алады. 100 мың теңгеге азық түлігін апарып бердік. Енді жерін алып береміз, үйін салып береміз» деп отыр. Мұндай мысалдар жетерлік. Өткенде Гүлнұр деген кейіпкер келді. 8 баласымен барар жері басар тауы жоқ, қарызы басынан асып кеткен. Елдің бәрі қудалайды. Күйеуінің құжаты жоқ. Соған бір қайырымды жандар құжаттарын түгендеп беріпті. Жер алып берген, қазір туысқандары үй салып берейін деп жатқан құсайды. Бұдан басқа қаншама адамға көмегіміз тиіп жатыр. Мен 20 жыл журналист болып жүріп дәл осы «Айтуға оңай» ток шоуындағыдай елге көмегім тимеген еді. Өмірбақи журналист болып жүріп, адамдарға қол ұшын соза алмаған адамдарды білем. Ал бір жылдың ішінде 4-5 жылдың жұмысын еңсеріп тастадық. Бір хабар аптасына 4 рет, кейіннен 5 рет шыға бастадық. Сонда қаншама адамның рахметін алдық. Бұдан кейін журналистикамен қоштассам да менің көңілімде қанағаттанарлық сезім тұрары сөзсіз. Ондағым үлкен деңгейге жеттім дегенім емес. Мен журналистикадағы ең жоғарғы сыйлық президент сыйлығын 35 жасымда-ақ алып қойғам. «Мәдениет қайраткері» деген атағым және бар. «Жылдық үздік тележурналисі» деген атағым да бар. Маған атақ керек емес. Ең жақсы атақ мен үшін елдің ризашылығы. Қазір қазақтың қай ауылына бармайын сол ауылдың үлкендері баталарын беріп, жандары қалмай күтіп жатады. Демек біз сол адамдардың көкейінде жүргендерін дөп басып бере алдық деген сөз. Шын мәнінде «Айтуға оңай»-да істеген бір жылыма ризамын.
— Бұл хабарды көбіне Ресейдің «Пусть говорять» бағдарламасымен салыстырып жатады. Онда адамдар ойын ашық айтады, тіпті төбелеседі де. Біздің менталитет оған келе бермейтін шығар. Дегенмен «Айтуға оңай» еркін ойдың алаңына айнала алған сияқты…
— Біздегі қай бағдарламада өте еркін отырып әңгімелесетін еді? Айта алмайсыз. Қазір қайта бізге таң қалады. Қазақтар да өстіп өз ойын ашық айта алады екен ғой деп. Біз шектен асып кеткен жоқпыз. Бірақ қандастарымыздың да өз ойын еркін жеткізе алатынын дәлелдедік. Ал бірақ оның өз құпиясы бар. Оның құпиясы… адамдарың шамына тию. Жастардың шамына тидім. Неге? Өйтпесең ашылмайды. Өйтпесең сөйлемейді. Мен адамдардың жанды жерін білемін. Және соны барынша ұстап алып, кәдімгідей жанына тиіп сөйлетуге тырысамын. Әйтпесе «сен жақсы, мен жақсы, сенің көзің жақсы, сенің сөзің жақсы» деп отырсаң ел сүйсініп көретін дүние тумайды. Бір жыл бойы адамдарды ұстап отырдық бірде-бір санын жібермей көретіндер бар. Олар сүйсініп көрсе демек біз кейіпкерлерді сөйлете алғанымыз, демек біз елдің көкейіндегісін тауып айтқыза алғанымыз. Ал ол үшін мен эфирге сол қалпымда, шынайы қалпымда шығамын. Былайғы уақытта мен даусымды көтеріп сөйлемеймін. Ақырын сөйлеймін. Ал эфирге шыққанда менде маска да жоқ, ештеңе де жоқ. От сияқты өзімді жағып жіберемін, өйтпесең ел жанбайды. Өйтпесең ел айтпайды.
— Кейде тым қызбалылыққа салынып кетем деп ойламайсыз ба, мәселен әннің мәтініне қатысты хабарда…. «Қара көйлекке» қатты тиістіңіз…
— О, оооо, кейбір нәрсе болады, түсінетін адамдар болса өте ақырын айтамын, ал егер түсінбей одан сайын қызбаланып бара жатса қайтаруға тура келеді. Басында жәйлап айтым. Ақырында әлгі жігіттер екі қолдары екі жақта өздерінікін дәлелдеп кетіп бара жатқанда оларға қарсы айтатын уәж басқа адамдардан шықпаған кезде мен сол кезде ғана қарсы шабуылға шықтым. Ал егер өйтпесе, басқа адамдар қайтарып отырмаса…… Кейде мүлдем сөйлемейтін хабарларым болады. Жәй ғана сөзбен жетелеп отырамын. Адамдардың өздері айтып шығады. Ал егер кейіпкерлер бой бермей халықты бұрыс жаққа жетелеп бара жатқан кезде мен соны шырылдап айтуыма тура келеді. Әйтпесе мен өзімді көрсетудің түкке де қажеті жоқ. Байқаған боларсыз, алғашқы хабарымда шашымды тықырлап алдырып, жәй ғана жейдемен шыққанмын. Мен өзімді көрсетейін дегенім жоқ. Өзін көрсеткісі келген адам өйтіп шықпайды. Жаздың күндері жылда шашымды алып тастаймын. Жейдемен ғана шығып кеттім. Боянбай-ақ, сәнденбей-ақ, киінбей-ақ. Мен ешқашан роль ойнамаймын. Ол маған керек те емес. Студияда өзімді бір дұрыстап, керемет етіп көрсетейін деп шықпаймын. Өмірде қандаймын, тура сондай болып шығамын. Менің мақсатым біреу-ақ алыс ауылдардағы көрермен, ақпарат жете бермейтін көрермен осы хабарлардан қандай да бір мананнан, зиялы қауым өкілдерінен өздеріне қажетті бір ақпаратты ала алса, ненің артық, ненің тыртық екені білсе маған сол жетіп жатыр. Болды.
— Психологсыз ба?
— Жоқ. Мен кімнің не айтатынын, қалай айтатынын, оны қалай сөйлету керектігін жақсы білем. Өйткені мұндай кәсібилік ұзақ жылдық тәжірибеден келеді. Кезінде «Хабардағы» «Жеті күнді» де жүргіздім. «Бетпе бетті» де, «31» телеарнасындағы информбюроны да, «Рахат» телеарнасында тікелей эфирде жаңалықтар да жүргіздім. Басқа да көптеген тікелей эфирлерге қатыстым. Маған оның ешқандай қиындығы жоқ. Ол жерде адамдардың көбісінің не айтатынын білесің. Журналистикаға келген адам біраз жылдан соң өмірлік тәжірибе жинайды да психологқа айналып кетеді. Адамның көзіне қарап-ақ айтатын ойын алдын ала біліп отырасың. Ол үшін психолог болудың қажеті шамалы.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Гүлжан Көшерова