Күні көп түсетін өлкеде осы бір табиғаттың сыйын молынан пайдаланса болады-ақ. Кәдеге жаратса күнінің сәулесі де көп, самалдап соққан желі де мол. Көптен бері көкейде жүргенімен сызбаға түспеген істің орайы жуырда ғана шешімін тапты. Баламалы энергетиканы дамытуда оңтүстіктің асығы алшы болмақ. Астана қаласында Халықаралық мамандандырылған «ЕХРО-2017» көрмесінің ашылуына орай облыс әкімдігі тарапынан баламалы энергетика саласында тың жобаларды іске асыруды қолға алып отыр. Былтыр ғана түстікте 3 жобаның тұсауы кесілді. Оның екеуі – қуаттылығы 2 мВт болатын күн электростансалары болса, тағы біреуі осы тәрізді электр қуатын беретін шағын гидроэлектростанса болатын. Осы бағытта Оңтүстікте тағы бір ірі жобаның тұсауы кесілді. Бұл жолы Германиялық «Promondis Kazakhstan» компаниясы өңірімізде жалпы қуаттылығы 75 мВт болатын күн электр стансаларының құрылысын бастап отыр. Осы кешенді жоба толығымен іске асырылғанда өңірге тартылатын шетелдік инвестиция көлемі 250 миллион АҚШ долларын құрамақ. Отырар ауданы Көксарай елді мекенінде жобаның алғашқы кезеңі ретінде қуаттылығы 35 мВт болатын күн электр стансасының негізі қаланды. Келешекте мұнда 35 жұмыс орны ашылмақ. Бұл жобаның ауылдық жердегі жұмыссыздықты жоюға септігін тигізері сөзсіз.
Сапарбек Тұяқбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
— Болашағы зор жобаны іске асыруға облыс әкімдігі тарапынан жер бөлу, өндірілген энергияны электр подстансаларына жеткізу және өзге де ұйымдастырушылық жұмыстарға көмек көрсетілді. 2015-2016 жылдар аралығында облысымызда баламалы энергетика саласында жалпы қуаттылығы 290 мВт болатын 6 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қолға алынған бастамалардың арқасында 2017 жылға қарай өңірдегі 280 мВт көлеміндегі энергия жетіспеушілігі толықтай шешімін табады деп күтілуде.