Қазақ телевизиясының қара шаңырағы – «Қазақстан» ұлттық арнасы жаңа маусымды жаңа серпінмен басты. Басты ерекшелік ұлттық арна атауы латын әліпбиінде таңбаланып отыр. Еліміздегі бас телеарна ұлттық нақыштан айнымаған бірнеше тың жобасын көзі қарақты көрерменге ұсынуда. Ақтолғай жаңалықты көрген қазақ эстрадасының көрнекі өкілі Заттыбек Көпбосынұлы арнаға арнайы келді. Ұлтымызды даңғыл жолға жетелейтін Елбасы бағдарламаларын насихаттау ісінде бас арнаның алар орны ерекше. Мемлекеттік тілді, руханият, ділді дұрыс жолмен дүйім елге жеткізіп келеді. Кезінде бәйтеректеріміз бен арыстарымыздың шығармалары жазылған латын әліпбиіне алғашқы қадамды Ұлттық арна жасады. Ел еркесін арнайы қабылдаған оңтүстікқазақстандық филиалының директоры Уәли Сағындықұлы әншінің құттықтауын қабыл алды. Ұлттық нақыштан ажырамаған жаңа бағдарламалар жайында сыр бөлісті. Ал, етене ел ішінде жүрген өнер жұлдызы болса, бас арнамыз бастаған игілікті іс көптің көңілінен шығатынын жеткізді. Ұлттық арнаның өңіріміздегі өкілдігі — біздің арна қаймағы бұзылмаған түстік халқының жаңалығына жаршы болып келеді. Көптеген елімізге танымал эстрада әншілеріне де Оңтүстік арнасы даңғыл жол ашқан. Қуанышты бөлісуге келген Заттыбек Көпбосынұлы арна жұмысы жемісті болып, толағай табыстарға жетуге тілектестігін білдірді.
КЕНЖЕХАН Дүйсенбі