ОҚО Қазығұрт ауданы, Шарапхана ауылдық округіндегі «Қазығұрт Нұры» ЖШС-нің жылыжайының көлемі 1,8 га құрайтын қызанақ пен қияр өсіреді. 2001 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан серіктестіктің төрағасы Аманжол Әшірбаевтың айтуынша, мұнда қазіргі таңда қаңтар айының екінші онкүндігінде егілген қызанақ көшеттері өсіп жатыр. Сәуір айында әр гектар 120-150 тонна қызанақ алу күтілуде. Жылыжайда 15-20 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, маусым кезінде олардың саны 45 адамға дейін жетеді. Айлық жалақылары 60-70 мың теңге көлемінде. Шаруашылықтан 2016 жылы 540 тонна өнім алынса, оның 300 тоннасы қызынақ, 240 тоннасы қияр.
Айта кетейік, 2016 жылы Қазығұрт ауданында жылыжайлар қосымша 7 гектарға ұлғайтылып, осы жылыжайлардан 24,5 мың тонна көкөніс өнімдері жиналған. Жалпы, мұндағы жылыжайлар көлемі 72 гектарға жетті. Ал облыстағы жылыжайлардың көлемі 1123,1 гектарды құраса, бұл республикадағы үлестік көрсеткіштің 80%-ын құрайды. Оның 67,7 гектары өнеркәсіптік жылыжайлар болса, 1055,4 гектары фермерлік жылыжайлар. Жылыжайлардың басым бөлігі Сарыағаш ауданына тиесілі.
Шарапхана ауылындағы «Әсем-Гауһар» тәтті нандар кондитерлік цехы кондитерлік кәсіпорыны нарықта 7 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Нан, тәтті тоқаш, торт, кекс, пірәндік сынды 100-ге жуық түрлі кондитерлік өнімдер дайындалатын цехтың жылдық қуаттылығы 200 тонна кондитерлік өнім. Жалпы жұмысшылар саны 25 адам. Орташа айлық жалақысы 70-80 мың теңге. Кондитерлік өнімдер, негізінен, жергілікті балабақшалар мен мектептерге және сауда орындарына жіберіледі.
«Кондитерлік цехты 2004 жылы аштым. Алғашқыда шағын бутикті жалға алып, үйде тәтті нан дайындап сатып көріп едім, келе-келе сұраныс артты. Содан халықтың кондитерлік өнімдерге деген сұранысын байқап, жұмысымды одан әрі жандандырып, жергілікті келіншектерді жұмыспен қамту ісіне көштім. Біздегі жұмыспен қамтылған 25 адамның 8-уі ер азаматтар болса, қалғаны қыз-келіншектер. Мен үнемі жұмысшыларыма кондитерлік өнімдерді дайындағанда бар ынта, ықыласыңды, махаббатыңды салып істе деймін. Соның нәтижесі шығар, өнімдерімізге ауыл тұрғындарынан ғана емес, аудан орталығынан да жиі сұраныс түседі», — дейді цех басшысы.