Кәсіптің үлкен-кішісі, жақсы-жаманы болмайды. Елбасы екшеген бұл сөз ОҚО Бәйдібек ауданындағы тамаша ұстаз Оралбек Иманәлиевке қатысты айтылғандай. Әмбебап мұғалім қарапайым еңбек пәнін береді. Бірақ қосымша игерген кәсібі ауыл халқын таң қалдыруда. Ағаш тамырларынан түрлі бұйымдар жасайды. Оралбек Иманәлиевтің есімі бүгінде бүкіл ауданға таныс. Оның қолынан шыққан бұйымдар түрлі көрмелерге қойылып, аудан мектептерінде де кең насихатталып келеді. «Ағаш тамырларынан бұйым жасау – өте оңай шаруа. Тек, түрлі бейнедегі тамырларды таңдай білу керек. Ал, оны қажетті бұйымға айналдыру, оқушы үшін де қиын емес. Тек, бағыттай білсеңіз болғаны, өздері-ақ зор қызығушылықпен жасайды», — дейді Кеңсай жалпы орта мектебінің мұғалімі. ОРАЛБЕК ИМАНӘЛИЕВ — ШЕБЕР ҰСТАЗ «Табиғаттың өзі — шебер… Бейнесі бір мүсінге, әлдебір көрініске келетін, ұқсайтын тамыр болса, міндетті түрде жианп аламын, қажет болса қазып, кесіп аламын. Мен жасаған әрбір бұйымыма өз бейнесіне қарай ат қоямын. Тамырды, ағашты қиюластырып қоя салмай, оған бір үндестік беріп, бір тақырыпппен байланыстыру керек, Сонда маңызы ашылады. Сосын оны әрлеп, тұғыр жасап, сәндесеңіз, кәдесый да болып шыға келеді. Ең бастысы- балалар үшін бұл өте қызықты іс болып тұр». Үш ай жаз көптеген ұстаздар үшін демалыс болса, ал, ауыл мұғалімі Орекең бұл мерзімнің біраз уақытын түрлі тамырлар жинаумен өткізді. Оның біразын қолы боста өзі шауып, бұйымдар жасаса, қалған бөлігін мектептегі еңбек сабағына сақтап отырған көрінеді Шындығын айтқанда, нағыз шебер — адам емес, табиғат болса керек. Қарап тұрсаңыз, жай ғана ағаш тамырының өзінен түрлі кескінді тануға болатындай. Ал, қиялыңыз жүйрік, қолыңыз епті болса, одан қиюластырып түрлі бұйымдарды жасауға әбден болады екен. Бүгінде Оралбек ұстаз өз шәкірттерін осы іске кеңінен баулуда. Еңбек – нәтижесіз де емес.
МҰХТАР Атабек