Жастар жарап тұр. Әсілінде Оңтүстік Қазақстан облысының бокстан өз жеңісті дәстүрі бар. Ардагерлердің орнын басатын ізбасарларды көру бір ғанибет. Әлем чемпионы Біржан Жақыпов өз орнын жастарға босатып берген еді. Ендігі кезек – соларда. Осы күні түркістандық Бек Нұрмағамбет батыр ағасының нағыз ізбасары саналып жүр. Өзі Түркістанның тумасы. 1998 жылы 3 ақпанда дүниеге келген. Қоладан құйғандай батыр тұлғалы жігіт аз уақыттың ішінде-ақ дарынымен дараланды. Бүгінде шаршы алаңды жағалап жүрген балғындардың бәрі де Бекзатты үлгі тұтады. Бәрінің де арман-үміті болса, ол – марқұм ағасы сияқты Олимпиада чемпионы болу. Ал қазақтың батыр ұлымен жерлес Бек Нұрмағамбетке артылар сенімнің жүгі ауыр.
«Батырдың ерлігі өшпесін десек…» деген шағын дүние жазғанбыз. Жиырма жасында Олимп шыңын бағындырған Бекзаттай саңлақ ұлдың ерлігін әспеттей білуге үндеген едік. Уақыт жүйрік. Жаратқанның қалауымен арада екі жыл өткенде сол топырақтан тағы бір дарын жарқ етіп шықты.
Қайбір жылы Түркістанда Б. Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнирді тамашалаудың сәті түскен. Сейілхан ағаның жанында отырып, жарысты бақыладық. Ағаның мұңлы жанарынан көп жайтты аңғарғандаймыз. Әр жарыс өткен сайын түркістандық дарындар топты жарып шықса деген үміт. Әрі арман. Сол екі күндік сапарымызда ағамыз өзі Бекзаттың мұражайына ертіп апарды. Мінекейіңіз, 2015 жылы Бек Нұрмағамбет осы турнирде жарқ етіп көзге түсті. «Түркістаннан тағы бір таланты шықты» деп елден сүйінші сұрай жазғанымыз да оқырмандардың есінде болар. Содан бері жас боксшының әрбір қадамы көз алдымызда. Түркиядағы Ахмерт Комерт мемориалы, Бранденбург (Германия) кубогында жеңіске жетті. Ағайынды Әйтеновтерді еске алуға арналған турнирде де қарсылас шақ келтірген жоқ. Ақыр аяғы былтыр жастар арасындағы соңғы жарысы – Санкт Петербургтегі әлем чемпионатында да мықтылығын дәлелдеп берді.
Тағабай Қасым