ОҚО Сайрам ауданының бұрынғы Мәдени, қазiргi Ханқорған деп аталатын ауылында тарихтың көзi, шежiренiң сөзi саналатын қасиеттi төбе бар. Биiгiне шығып, төңiрекке көз салсаңыз алыстағы аттылыны анық көресiз. Қазақ тарихында Ханқорған төбесiнiң ерекше орны бар. Жаугершiлiк заманда ұлтымыздың ұстыны болған киелi жермен бүгiнде ауыл тұрғындары орынды мақтанады. Ханқорғанда қазақ ханы Абылайдың бекiнiсi болған деген тарихи дерек бар. Ханқорған – Арыс өзенi бойындағы киелi орын. Абылай ханның iзi қалған тарихи төбе. Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты осынау мәдени мұра қайта зерттелуде. Сонша уақыт елеусiз жатқан киелi төбеге жан бiтiп, қызу жұмыстар басталып кеткен. Көлкент ауылдық округiндегi Ханқорған төбесi аудан орталығынан 28 шақырым жерде орналасқан. Барар жол даңғыл. Бiз Ханқорғанға барғанда қазба жұмыстарымен айналысып жатқан 15 шақты жiгiттi көрдiк. 4 метр тереңдiктен үйдiң iшкi бөлмелерi көрiнедi. Сынған құмыралар, жартылай құлаған ошақтар, диiрмен, тiптi, адам сүйектерi де табылыпты. Қазба жұмыстарының басында жетекшiлiк етiп жүрген Медеубек Кiшiбаев:
— Зерттеу жұмыстары барысында бiраз дүниелер табылуда. Мұнда Абылай ханнан бөлек, Жәнiбек сұлтанның, хан Кенесарының, сұлтан Сыздықтың iздерi болуы мүмкiн. Кезiнде Түркiстан губерниясының құрамында болған Сайрам жерiнiң маңызы туралы Ханқорған әлi талай сырды ашады, — дейдi.
Қасиеттi өлкенiң табиғаты, топырағы, суы бәрi-бәрi тұнып тұрған шежiре. Бабаларымыздың, батырларымыздың iзi қалған жерде болып үлкен әсер алып, бұрын соңды естiмеген құпияға қанық болдық. Сол күнi ауыл тұрғындары құрбандық шалып, төбе басында Құран оқылды.
Бүгiн Ханқорған зерттелiп жатыр. Тарихы терең екенiн айғақтайтын заттар табылып, тарихи мұра ретiнде қорғалуға алынбақ. Ел тәу етер киелi орынға айналар күнi де алыс емес. Бұл ауданның ғана емес, бүкiл қазақтың мақтаныш етер киелi орны болмақ.
Қызжiбек Мүсiрепхан, журналист. Сайрам ауданы.