Ұлтын ұлы ете білген, ұлан байтақ жерін дұшпанына бермей болашағы үшін күрескен қазақ батырлары аз емес. Бірін білсек, тарих қойнауынан енді танылып жатқан тұлғаларымыз да бар. Солардың бірі тарихи деректерде кездесетін XVIII ғ. өмір сүрген Ұлы жүздің Шанышқылы руынан шыққан Бердіқожа 1708-1786 жылдар аралығында ең ұзақ өмір сүрген қазақ батыры. Ташкенттегі Шыршық өзенінің бойында туып өскен батырдың аты ең алғаш 1729 жылы Итішпес-Алакөл бойында қалмақтармен соғыста аталады. Батырға қатысты бірнеше тарихи деректерді кездестіруге болады. Қытайдың тарихи мәліметтерінде – 36, орыста – 22, қырғызда – 35, түрікте – 1, қазақ қолжазбаларында – 81, жалпы айтқанда 175 дерек табылған. Аталған барлық деректерді оның қол бастаған батыр және сөзге шешен болғандығын айтады.
Тарихта XVIII ғ. үлкен алапатттарға толы, жоңғар-қалмақ шапқыншылығы, екінші жақтан қытай, орыстардың ойрандауы, қырғыз бен қоқандықтардың да қазақтарға қырғын салып тұрған кезі болатын. Тағдыры қыл үстінде тұрған халықты арашалауда хан Абылаймен бірге шыққан ұлт ұлыларының ішінде Бердіқожа батыр да болды.
Абылай заманында ең атақты, сенімді жауынгер батырға қатысты тың деректер жиналып, дәріптеу барысында еліміздің әр өңірінде іс-шаралар, конференциялар ұйымдастырылып таныстырылуда. Осы мақсатта ОҚО Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы «Қор сақтау» ғылыми-зерттеу бөлім қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Алаштың айбынды ері – Бердіқожа батыр» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараның алғы сөзі мұражайдың ғылыми кеңесшісі, археолог Н. Алдабергеновке беріліп, Бердіқожа батырдың қазақ халқының азаттық күресіндегі ерлік істері мен қаһар¬мандылығын негізге алып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу басты мақсатымыз екенін жеткізді. Сондай-ақ Бердіқожа батырдың қазақ батырлары мен тарихи жырларында алатын орны туралы «Қазаққа қорған болған ұлы тұлға» тақырыбында «Қор сақтау» ғылыми-зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері Г. Ысқақ баяндама оқып, батырдың ерлігі жайлы арнайы телеарналар түсірген деректі фильм көрсетілді. Іс-шараға музей қызметкерлері мен Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Руханият музейінің қызметкерлері қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Связанные истории
13.09.2024
272076