Түркістан қаласы — ел басына күн туған «тар жол тайғақ кешулерде» нешебір нәубеттерді; жанкешті жаугершіліктер мен жанпида жорықтарды басынан кешкен, қасиетті бабаларымыз бас қосып, келелі кеңестерде шұрқырасқан, кең керегелі, киелі қара орын. Қазақ тарихындағы хандар мен билердің, батырлар мен датқалардың, елім деп еңіреген ерлердің ішінде Түркістанға ат басын тіремей кеткені кемде-кем. Сондай есіл ерлердің бірі — қабандай күркіреп, ата жаудың апшысын қуырған Қаракерей Қабанбай батыр. ОҚО «Түркістан тарихы» музейінің VІІ бөлімінде («Түркістан — қазақ хандығы мемлекетінің астанасы») осы Қабанбай батырдың қара қанжары бар. Қанжардан бұрын, қазақтың қара баласына батыр турасында бірер дерек келтіре кеткенді жөн санадық. Экспонат музей қорына «қанжар» деген атаумен қабылданған екен; соған байланысты біз де оны шартты түрде «қанжар» деп атап отырмыз. Негізінде, «қанжар — екі жағы да жүзді, ұшы өткір, пышақ сияқты қысқа сапты қару». (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, ІІ том, Алматы, 1961, 33-б.) Ал біздегі кесу қаруының жүзі бір жақты. Осы арада аз-маз шегініс жасап, «кесу қаруының даму тарихына қысқаша тоқталар болсақ, …б.д.д. VІІІғ. мен б.д.д. ІІІғ. арасында өмір сүрген скиф-сақ семсерлері алғашқыда қысқа(70см) болып, оны «акинак» деп атайды, кейін ұзын семсерлер пайда болды. Бертін келе ат үстінде айқас жүргізуге ыңғайлы болу үшін семсерлердің салмағы жеңілденіп, жіңішкеленіп, кесу функциясын арттыру үшін сабы жүзіне қисайта орналастырылады. Соған сәйкес кесу қаруы бір жүзді ғана қылып жасалып, бұл қарудың екінші түрі «сапы» пайда болды». (Ахметжанов.Қ.С., Жараған темір кигендер, Алматы, 1996, 73-б.). Сапының қанжар сияқты үлкен түрі «селебе» деп те аталған. Осыған орай біз аталмыш қаруды — жүзінің бір жақтылығын ескеріп, «қанжар» емес, «сапы» деп атағанды дұрыс көрдік.
Связанные истории
13.09.2024
271920