Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерліктің даму қарқыны жоғары. Материалдық-техникалық базасы нығайтылған, тәжірибесі мол кәсіпорындар жетерлік. Әсіресе құрылыс салысында тер төгіп жүрген ірі кәсіпорын иелері бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы бағдарламаға атсалысуда. Соның арқасында бүгінде өңірде бірнеше ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Күнгейде бүгінде осы жоба аясында оннан астам құрылыс жүргізілуде. Жалпы құны 9 миллиард теңгеден асатын құрылыстың 12-ін отандық кәсіпкерлер қаржыландырған. Оның сегізі білім, үшеуі спорт кешені, қалған екеуі денсаулық нысаны. Жобаның ең үлкені – 350 орындық балабақша мен бір сәтте 500 адамға қызмет көрсететін емхана. Ал Түрік инвесторы қалалық жедел-жәрдем станциясын жаңғыртуды жүргізеді. Алдағы уақытта өңірде әріптестік аясында 40 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде «Ақылды қала», елді мекендердегі инфрақұрылым, шалғай ауылдардағы әлеуметтік мәселелер де толық қамтылған. Жергілікті билік барлық саладағы түйткілдің түйінін осылай тарқатпақ. Бағдарламаның тағы бір артықшылығы құрылысқа қажетті жер телімдері тегін беріледі. Нысанға кәсіпкер 16 жыл иелік етеді. Жыл сайын басқарғаны үшін сыйақы да алады. Одан бөлек құрылысқа кеткен шығын түгел қайтады. Талап та жоғары болады. Мұрат Төлтебаев, серіктестік басшысы: «Әлеуметтік мәселелердің барлығын бюджеттен бірден шешу мүмкін емес. Сондықтан да осы әріптестіктің арқасында мемлекет қаржысы 4-5 жылға бөлінеді. Коммуналдық жағын да іске асыруға болады. Қазір ауылдарымыз әлі де балабақшамен толық қамтылмаған. Кейбіреулері сумен қамтамасыз етілмеген. Және ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер де өзіне керекті су қоймасы мен каналдарын осы әріптестік арқылы жүзеге асыруға болады» дейді. Осылайша оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың арқасында әрі өз қаржыларын сала отырып, ауыл аймақты, облыс орталығының әлеуетін арттыруға үлес қоспақ.