Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында шаруасын шалқытып, тірлігін дөңгелетіп отырған ірі кәсіпкерлер жетерлік. Олар өндірген өнімдерін ішкі нарықты қамтып қана қоймай, шетелдерге экспорттау көлемін де арттырып келеді. Мәселен, биылғы жыл басынан бергі уақыт аралығында 468 млн АҚШ долларының өнімін шетелге жөнелткен. Шетелдіктер тарапынан Шымкенттен шығарылатын тамақ өнеркәсібі мен химия, дәрі-дәрмек пен тоқыма бұйымдарына сұраныс жоғары. Шымкенттегі ең көне фармацевтика зауыты шетелдік инвесторлардың қаржылай қолдауының арқасында 2021 жылға дейін толығымен қайта жаңғыртудан өтпек. Кәсіпорын қазірдің өзінде халықаралық GMP стандартына сәйкес келетін дәрі-дәрмек шығарып жатыр. Отандық өнімге Қырғызстаннан сұраныс көп дейді мамандар. Сондай ақ, Тәжікстан, Түркіменстан мен Моңғолиядан да тапсырыстар көптеп түсуде. Алда жергілікті өнімді ауқымы кең Ресей мен Өзбекстан нарығына шығару жоспарланып отыр. Дәрі дәрмек өндіретін өндіріс орны былтыр құны 2,5 миллиард теңгеге 8 миллион дана түрлі дәрі-дәрмек экспорттаған. Оның ішінде балалар дәруменінен бастап асқынған ауруларға қажетті екпелерге дейін бар. Өсім 10-15 пайызға жетті. Зауыттың заманауи технолгиямен жабдықталып, халықаралық сұранысқа сай дәрумендер өндіруге қол жеткізуінің арқасында экспорт әлеуеті де артып отыр. Өңірде экспорттық бағытта өнім шығаратын жалпы 30 кәсіпорын бар. Олар былтыр миллиардтаған өнімін шетел нарығына жөнелткен. Оңтүстікте әсіресе машина жасау саласының жетістігі жоғары. Жергілікті жерде жасалған су сорғылар мұнай және химия саласының жұмысын біршама жеңілдетті. Ал Кентау трансформатор зауытында құрастырылған заманауи құрылғылар Орталық Азия елдерімен қатар ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жетеді. 2019 жылға қарай облыстың экспорттық әлеуетін 15 пайызға дейін арттыру міндеті тұр. Сәйкесінше шетелге өз өнімін шығарған кәсіпкерлерге мемлекет шығынының біршама бөлігін қайтарып береді. Міне осының арқасында экспорт көлемі де артады. Шымкенттің іргесіндегі көлік-логистикалық аймағында бой көтеріп жатқан қоймалар шарулардың өндірген өнімдерін сақтап оны діттеген жеріне жеткізіп береді. Өйткені орталық тоғыз жолдың торабында орналасқан. Онда жалпы құны 34 миллиард теңгені құрайтын 8 инвеститциялық жоба жүзеге асып жатыр. Бүгінге оның екеуі іске қосылыпты. Бұл Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі халықаралық стандарттарға жауап беретін А және В санаттағы қоймалары бар ең үлкен орталық болмақ. Логистикалық орталыққа 2 миллиард теңгеге жуық инфраструктураға яғни мемлекет тікелей жәрдемі. 1,7 шақырым темір жол, газ құбыры, су, кәріз жүйелері сонымен қатар 10МВТ электр подстанциясы салынған. Осының бәрі айналып келгенде қайтарымсыз бизнеске қолдау болып табылады. Өңірде бұдан бөлек тағы 2 ауданда дәл осындай орталық ашылмақ.
Қанат Жүнісбеков