«Шаян барсаң әншiмiн деме…» деген сөздi кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезов тектен-тек айтпаған. ОҚО –дағы бұрынғы Алғабас, қазiргi Бәйдiбек ауданының қасиеттi топырағынан түлеп ұшқан таланттар баршылық. Сонау жетпiсiншi жылдардың соңында әр ауыл-аудандарда өнерпаздардан құралған ансамбльдер көптеп шыға бастады. Олар қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен жанды дауыста өнер көрсететiн. Кейiннен солардың көбi көзден кеткен соң көңiлден де кетiп, ұмыт болды. Халықты елең еткiзiп, жаңа репертуарымен көпшiлiкке танылған «Шаттық» вокалды ансамблi сол кезден берi көрермен көзайымына айналып, шыққан биiгiнен төмендеген емес.
1977 жылы аудан орталығы Шаян ауылында құрылған ансамбль өнердiң дара жолына түстi. Оған негiзiнен жергiлiктi өнерпаздар тартылып, топтың аяғынан нық басуына басшылықта жүрген ел ағалары жәрдемдестi. Ансамбльдiң алғашқы көркемдiк жетекшiсi Бауыржан Әзизханов болатын. Осылайша «Шаттық» жiгерлi де өнерлi жастардың iзденiстерiнiң арқасында көп уақыт өтпей-ақ аудан көлемiнен тысқары жерлерге де таныла бастады. Облыс көлемiнен асып, Қазақстанның түрлi қалаларына гастрольдiк сапармен барып қайтты. 1979 жылы шығармашылық ұжым ерен еңбектерiнiң жемiсiн көрiп, халық ән-би ансамблi атағын жеңiп алды. Алғашында ансамбль репертуарында ұлттық би өнерi, халық әндерi және республикаға танымал композиторлардың шығармалары бар болатын. Кейiннен жаңа жобалар жасалып, ел жадынан ұмытыла бастаған әндер көпшiлiкке ұсынылды. Өнерпаз ұжымның еңбегi жоғары бағаланып, сексенiншi жылдары Мәскеу қаласында өткен Бүкiлодақтық Халық Шаруашылығы Көрмесiне шақыртылады. Мәскеуде «Ақ отау» атты бағдарламасын көрсетiп, көрермендердi тәнтi етедi. С.Жүсiпбекованың мың бұралып билеген биi, халық әндерiн нақышына келтiрiп орындайтын әншi Ғ.Масаурованың керемет әсем даусы әлi күнге дейiн жұрттың есiнде. Бұл өз кезегiнде ансамбль мүшелерiнiң шабытын шыңдап, абыройын асқақтатты. Тәуелсiздiк алған жылдардағы қиындықтарды өнер ұжымы бiр кiсiдей жеңiп шықты. Ұжым бiрлесiп, ақылдасып, топтасып жұмыс iстеп, ауыр күндердi артқа тастады. Шабыты шалқыған «Шаттық» 1998-99 жылдары жаңартылған «Шаян-шоу» атты бағдарламасымен облыс, аудан, ауылдарды аралады. Ансамбль мүшелерi ұлттық би мен халық әндерiн орындап қана қоймай, сахналық қойылымдары арқылы ел алғысына бөлендi. Әр қазақтың кiндiгi ауылдан ажырамаған. Бұл ансамбльдiң ұранына айналып кеткендей.
Көптiң құрметiне бөленген, талай жастың жүрегiне от берген «Шаттық» халық ән-би ансамблiне биыл 40 жыл толып отыр. Осы жылдар iшiнде олар шеберлiктiң шырқау биiгiнен көрiне бiлдi. Аудан жұртшылығын ұлттық мәдени-рухани мұралармен сусындатып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында келтiргендей, «сананы жаңғыртып, ұлттық кодты сақтап» отырған бiрден-бiр ұжым. Ансамбльдiң көркемдiк жетекшiсi Гүлзина Шорабекова ұжымның өнерпаз жастармен толыққанын, халыққа әлi де тың бағдарламалар ұсынатынына бек сенiмдi. Қырық жыл бойы үлкендi-кiшiлi сахналарда абыройлы өнер көрсетiп, атақ-даңқы аспандап, аудан, облыс атын шығарып, оның кең өрiстi, көркем келiстi өнерiн паш етiп келе жатқан «Шаттық» халық ән-би ансамблi қандай құрметке болсын лайықты.
Альвира ПАЙЫСХАН