Қазақ қоғамында отбасы – өмірдің тұтқасы. Түтіннің түзу ұшуы шаңырақтағы ынтымаққа байланысты. Осыған орай облыстық «Жастар ресурстық орталығы», «Шаңырақ» жас отбасылар мектебінің негізін қалап отыр. Мектептің межелегені жас отбасыларға психологиялық көмек беріп, үлгілі жанұялардың өнегесін көрсету. Отбасылық одақтың іргесін 56 жылдан бері нық ұстап келе жатқан Каналбай ата мен Тұрған апаның өмірлік тәжірибесі жастарға үлгі. Сейілбековтер жанұясы -облыстық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауынан оза шапқан. Нарым дейтін 5 ұл, арым дейтін 4 қыздан 40 немере, 18 шөбере сүйіп, керегесі кеңіп отырған отбасы берекелі ғұмыр кешудің сырымен бөлісті. «Шаңырақ» жас отбасылар мектебінің ашылғанына 1 ай болды. Мұнда келушілерге көмек тегін көрсетіледі. Мамандар осыған дейін екі отбасына психологиялық дем беріп, жарасып кетуіне септесіпті. Гүлжазира Пернебай –«Психологиялық көмек көрсету және дағдарыстың алдын алу» бөлімінің басшысы «Отбасы 45-50 жыл бірге өмір сүреді бірақ жаңағы ұрыс –керістің ішінде бірін-бірі естімей кетеді. Жалпы, 45 жыл былайша айтқанда мүлдем жоққа шығады. Сол себепті бұл жердегі жастайынан сол мәселелерді тереңірек талқылап, тереңірек жұмыс жасап, тренинг арқылы көрсету». Ізгі тәрбиенің ізі, үлкендердің үлгісінде болады. Сондықтан, алыс-жақыннан жас жанұялар шақыртылды. Өмірлік тәжірибені көңілге түйіп, қателікке бой алдырмауға бекем бел буған ОҚО сайрамдық Толымбек Алимов. Оның шаңырақ көтергеніне енді он күн толып отыр. Қысқа уақыт аралығында қиындыққа кездесе қоймағанымен, Сейілбековтердің кеңесі өмірлік нұсқа болғанын айтады. Толымбек Алимов –Сайрам ауданының тұрғыны «Мынау үлкен атамыз бен әжеміз отыр. Солардың өмірімен танысып отырмыз, айтқанына қарап, алдағы өміріміздегі болып жататын қателіктер болсын, кішкене қиыншылықтар болсын жеңу жолдарын табамыз деген үміттемін». Мәдени шараға жастар көптеп қатысты. Ұғар құлақ болса, өмір өткелінен сенімді өткен жанұялардың тәжірибесі – жас отбасыларға үлкен сабақ. Кездесуді ұйымдастырушылардың да басты мақсаты осы болатын.
Д.Мырзақадір